Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескерткіштер ел еңсесі

Ескерткіштер ел еңсесі

Тарихқа көз жүгіртсек, Арал өңірі ежелгі тайпалар мекені болғанын байқаймыз. Бұл жерде ғұндар да, сақтар да, кердерілер де, оғыздар да, оғыздардың бір бұтағы селжұқтар да, қыпшақтар да мекендеген.
Бүгінде ауданымыздағы 60-қа жуық ескерткіш мемлекет тізіміне алынған болса, оның 21-і архитектуралық, 8-і монументалдық, 26-сы археологиялық ескерткіш. Ескерткіштердің барлығы да мемлекет қорғауына алынған. Бегім-Ана мұнарасы республикалық маңызға ие, қалған ескерткіштер жергілікті маңызда. Мәселен, Сексеуілден солтүстікке қарай 8 шақырым жерден археолог-ғалымдар ерте замандағы ата-баба қонысын тауып, олардың ұстап тұтынған заттарын тапқан. Мұндай орындар Сапақта, Арал қаласының маңында, Көнту, №86 бекеттерде, Сарышағанақ, Мергенсай жақта кездеседі. Әрине, бұл орындар уақыт сынына төтеп бере алмай бүгінде тегістеліп жер болып кеткен. Сондықтан оларды дәл үстінде тұрған адамның өзі де байқамауы мүмкін.
Сондай-ақ, 2001 жылы Арал теңізінің ұлтанынан табылған Кердері-1, Кердері-2 нысандары осы іспеттес. Бүгінде бұл нысандар мемлекет қорғауына алынып, зерттелу үстінде.
Әрбір ескерткіштің немесе ескерткіштік орынның өзіндік тарихы, сыры бар. Мысалы, Арал теңізі стансасы алдындағы "Саяси қуғын-сүргін ескерткіші" (бұрын бұл ескерткіш Бауырластар зираты деп аталған) алғашқы үлгісі 1927 жылы тұрғызылған. Кейін бұл ескерткіш бірнеше рет өзгертіліп, қазіргі нұсқасына келді. Осы ескерткіштің астында Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Арал поселкесіндегі НКВД-ның комиссары, бір майордың денесі жатыр. 20-жылдары Аралда Кеңес өкіметін орнатуға қарсы ақ бандылар тобы майор мен 6 қызыл әскерді өлтіріп кетеді. Халық майорды осы жерге құрметтеп жерлеп, кейін басына ескерткіш орнатады. Осы ескерткіш тұрған алаңда 1919 жылдың 1 мамырында Аралда Кеңес өкіметінің орнауына арналған митинг өткен. Сол митингті бейнелейтін жалғыз сурет қазір аудандық музейде сақтаулы.
Сондай-ақ, темір жол вокзалының жүк түсіріп, тиелетін пакгаузында тастан қаланған бір үй бар. 1937–1938 репрессия жылдарында осы үйге Аралдағы ұсталғандарды және этаппен келе жатқандарды уақытша қамаған. 1965 жылға дейін олардың үйдің қабырғасына қалдырған қолтаңбалары тұрған. Кейін үй жөнделгенде олар сылақтың астында қалған. Сол сияқты қаладағы Әбілқайыр көшесінің бойындағы қазіргі Аралстомед тіс емдеу мекемесіне көршілес тұрған үйде өткен ғасырдың 20 жылдары Арал Срвдепінің кеңсесі орналасқан деген дерек бар. Бұл деректерді сонау жылдары Аралдың белгілі ақсақалдары Құттыбай Келімбетов, Салников, Қ.Жасекеновтер айтқан еді. Мүмкін Т.Медетбаев 14 вагон балық туралы телеграмманы Ленинге осы үйден жіберген болар. Болмаса бұрынғы Аралрыбпром мекемесінен басталатын көше Гилаж Ишкенов есімімен аталады. Ал осы татар ұлтының өкілі 1942–1947 жылдары Арал аупарткомының бірінші секретары болғанын бүгінгі ұрпақ біле ме?
Жақсықылыш тауының Ерімбетжаға бетіндегі баурайда ұзындығы 4 метрдей көк тастан қаланған бір зират бар. Көнекөздердің айтуынша, мұны Асанқайғының баласы Абат батырдың зираты дейді. Бұл шынында да Абат батырдың зираты ма? Тарихи дерек бойынша Абат батырдың кесенесі Ақтөбе облысының Қобда ауданында тұр. Сонда Абат-Байтақ деген сәулетті кесене бар. Бәлкім бұл Жанқожа батырдың замандасы Арал батыры шығар?..
Ескерткіштер ел тарихы. Ата-бабаларымыздан қалған мәдени және тарихи мұралар халқымыздың баға жетпес байлығы, асыл қазынасы. Елімізде ескерткіштерді қорғап, сақтауда ерекше мән берілген. Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі "Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңында: "Тарихи ескерткіштер мен басқа да мәдени қазыналарды сақтауға қамқорлық жасау – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының абзал борышы және міндеті" деп атап көрсетілген. Осы тектес заңнамалық актілер кейін де бірнеше рет қабылданды.
Елімізде көне тарихты, аңыз-әңгімелерді білетін көнекөз қариялар әлі де баршылық. Олардың білгендерін қағазға түсіріп, баспасөз бетінде жариялап отырса бүгінгі ұрпақтың туған өлке тарихын білуіне үлкен септігі тиер еді.
Айта кету керек, соңғы кездері жергілікті баспасөз беттерінде, әсіресе ауданымыздың "Толқын" газетінде туған өлке тарихына байланысты материалдар жиі-жиі жарияланып келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Бұл жұмыс бұдан былай да жалғасын табады деп сенеміз.
Жақсыбай Төребеков,
Ескерткіштердің республикалық дәрежедегі құрметті мүшесі
18 сәуір 2026 ж. 130 0