Ерік-жігерді шыңдау

Ол жарық дүниеге шала-жансар, дыбыссыз, қарақошқыл түсте келіпті. Неге екені белгісіз, кейінірек ұлы жазушы бұған айдың толысып тууы себеп болды деген көрінеді. Дәрігерлер шарананы сылап-сипап, ысқылап, зыр жүгіріп жүріп әзер тірілтіп алған, бірақ болашағынан үміт күтпепті.
Сәл есейе келе сол заманда емі табыла қоймаған құрт ауруымен ауырған, ал жиырма бір жасынан бастап өкпесінен қан кете бастаған. Байғұс жасөспірім не көрмеді дейсіз, оның ауырмайтын жері болмапты. Соған қарамастан жалғанды жалпағынан басқанды жөн көріп, шамасына қарамай шараппен шөлін қандырған, өздерін өжет санайтын сол заман сайыпқырандары үшін сәнге айналған дуэльдің дүрмегінен де шет қалмаған, махаббаттың машақаты да мазасын май ішкендей қылыпты. Өмірден баз кешкені сондай, өзіне -өзі қол жұмсауға сәл қалған.
Тіршіліктен түңіліп, ажалмен арпалысып жүрген сондай күндердің бірінде Гетені жарық дүние қатты қызықтырып, өлі арыстаннан тірі тышқан артық екен деген тоқтамға келеді. Бірақ денсаулығы болса әлгіндей, не істеу керек? Алайда ұлы жазушы көлеңкелі ойдың тұңғиығына шым батып, салы суға кетіп шерменде болған жоқ. Өзін сексеннің сеңгіріне шығарып, құлан-таза денсаулық сыйлаған, тірліктің бар қызығын, сән-салтанатын тұтынуға, адамзаттың кәдесіне жарап әлі күнге рухани азық болып келе жатқан көркем шығармаларын дүниеге келтіруге мүмкіндік берген өзіндік өмір сүру салтын қалыптастыруға бел шеше кірісті. Сонда ол не істеді дейсіз ғой?
Ең алдымен ол ақыл-есі бүтін адам үшін қарапайым ғана, орындалуы әбден мүмкін, зиянды деп саналатын, жаман әдеттерден бас тартудан бастады. Арақ-шарап ішуден тыйылды. Асқазанға артық салмақ салатын ауыр тағамдарды шектеп, өзіне ғана тән диета ұстанды. Күн тәртібіне мән беріп, бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұрды және қандай жағдай болмасын, осы ұстанымға өмір бойы мән берді. Ерекше күйзеліс жағдайларында саяхаттауды жөн деп тауып, екі жыл Италияда өмір сүрді. Әрине өмірлік ұстанымды бұлжымас қағида етіп алу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас, бірақ Гете үшін бұл ажалдан аулақ жүрудің жалғыз жолы болған соң, өмірлік сақтық шарасына байсалды қарауға мәжбүр болды десе де болады.
Ең бастысы, шығармашылыққа мақсатты түрде ден қойды, өз шығармаларының бағасын білді және оны ешқашан тегін таратқан жоқ. Бұл оны одан әрі ілгері басуға құлшындырды. Жанжал мен айтыс-тартыстан бойын аулақ салды, ал сол заманда онсыз ісің ілгері басуы мүмкін емес еді. Ол батыл әрі ер мінезді болатын. Негізсіз ештеңеге кіріспейтін, талантты тұлғалар туралы шын көңілден, іштарлықсыз өте жақсы пікірімен дараланды. Шын мағынасында өзгелерді жақсы көре білді және өзін де жақсы көрсете алды. Ұстанымының арқасында бойын билеген қорқынышқа қасарыса қарсы тұрды. Өлердей қорқатын барабанның дүңкіліне құлағы үйренгені соншалық, естіген жерде елеусіз қалдыратын күйге жетті. Биіктіктен басы айналатын ол қаладағы ең биік мұнараға шыға-шыға әлгі әдеттен ада болды.
Ауру мен ажал көлеңкесін алыстату үшін айналыспаған нәрсе қалмады десе болар еді. Ақырында денсаулығын қалпына келтіру былай тұрсын, баяғы аурушаң, әлжуаз жаннан құрыштан құйылғандай мүсінімен ерекшеленді. Сөйтіп, бұлыңғыр тағдырына ерегіскенде, дәрігерлердің тығырыққа тіреп қойған диагнозын жоққа шығарып, ұзақ та мағыналы өмір кешті.
Бұған қоса ол фиалка гүлдерін жақсы көрді, өзінің туған қаласы Веймарға түгелдей дерлік фиалка гүлдерін ектіріп шықты. Сол гүлдер ұлы жазушы туралы, оның сарқылмас ерік-жігерінің, ауру мен ажалды жеңіп шығу үшін ұстанымынан өмір бойы айнымай өткендігінің ұмытылмас естелігіндей күні бүгінге дейін қалаға көрік беріп келеді.
ӘлімжанҚИЯС,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Фото: www.pexels.com