Қисық әдеттен арылу орынды

-Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі-жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы,-деп бізге бағыт боларлық айқын дүниелерді айтып берді. Ендігі жерде Елбасымыздың мақаласында көтерілген осы бір олқылықтардан нәтиже шығады деп білеміз.
Біз бабалар дәстүрін дәріптеп, аталы жолдан аттамай өскен текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан, болмашы және алдамшы дүниелердің соңына еріп, құр мақтаншылыққа салынғанша адами болмыстан ажырап қалмағанымыз дұрыс болар.
Б.Төребай.