Қойнауын тұрған бақ илеп, Арыстан бап жатқан Ақирек

Құс өсірсең, қаз өсір...
«Мал өсірсең...» деп басталатын мақалды Ақбайға барып осылай өзгертіп алдық. Оның өзіндік себебі бар. Қаз – өзге қанаттыларға қарағанда еті бағалы әрі сұранысқа ие құс. Сондықтан кәсіптің көзі деуге болады. Елді мекендегі ең алғашқы бағыт Гүлнәр Әлібаеваның «Арал-құс» СПК шаруашылығы болды.

Құс фермасы күре жолдың сол жақ бетінде орналасқан. Әлгінде ауылға кіріп келе жатып осы жалғыз еңселі үйді көзіміз шалды. Неге өзі оқшау тұр деп ойлап қана қойған едік. Сөйтсек, шаруа баққан шаңырақ екенін үй алдына келгесін білдік. Ауладан ауыр жүріспен алшаңдай басқан аппақ қаздар алдымен көзге ілігеді. Таласып жем жеп, тарпаңдап суға жүгіреді.
– Бұларды бағу оңай көрінгенімен, күтім болмаса азып кетеді, – деді Айбек амандық-саулықтан соң. Құс баққанына көп болмаса да, қыр-сырын меңгеріп алғанын аңғартты. Біз де бастырмалатып сұрап қалып жатырмыз. Өйткені алда барар бірнеше жер бар, уақыт тығыз. Кәсіп иесі Гүлнәр апаймен амандасып, келген мақсатымызды айттық. Жол жүріп келіп жатқан беті осы екен. Шаруашылықты балам таныстырсын деген өтінішімен үй маңындағы фермаға қарай бет алдық.
Қаздың «қорасы» үйден алыс емес, таяқ тастам жерде. Іргесіндегі канал суынан жиналған көлшіктен кердеңдей басқан қаздың бір тобы келіп жатыр. Айналаның бәрі жайылымдық жер. Қаздың балшықты жақсы көретінін бұрын білетінбіз. Тіпті, жемін лайға илеп береді дегенді де естігенбіз. Бірақ бұнымыз бос әңгіме болып шықты. Шалшықтан шөп теріп жүрген қаз көрмедік. Күн жылыда пішен мен жантаққа бас қойса, қыста жеммен қоректендіреді екен. «Жаздай осы жерден отықтырып, союға дайындаймыз» дейді жолбасшымыз. Былтыр 2200 қазды ет бағытында жөнелтіпті. Сұраушылар да көп. Сөз басында бұның бағалы құс екенін айтқам. Міне, дәлел керек болса, қаз етінің келісі 1500 теңгеден. Төрт түлікпен пара-пар деуге болады. Дәмін көргендер бұл жарықтықты тұздап қойса, жылқы етінен кем болмайтынын айтады. Бүгінде көрші облыстардан қаз етін алып кетіп жатқандар көп. Қаздың қазынасы тек етпен шектелмейді. Балапаны да – пайданың көзі. Биыл шамамен 1500-дей шөжені саудалапты. Айтпақшы, кәсіп иесі үйрек бағуды да қолға алған. Үйрек анау айтқандай көп болмаса да, кәсібін келешек кеңейту үшін бұның да әзірден ілімін алуды жөн көріпті. Балапандай алып, бордақылап, күзге таман сойып алуға қазір біраз адам үйренген. Енді ше? Бір сары үрпегіңіз үш айда 4-5 келі етке айналады. Төрт түлік секілді соңында жүріп семірткеннен гөрі осы дұрыс емес пе?!
Айрықша айта кететін бір мәселе бұл – аудандағы жалғыз қаз өсіретін шаруашылық. Аралда әзірше бәсекелесі жоқ деуге болады. Дегенмен «жарнама болмаса, өнімді оңдыртып сататын түріміз жоқ. Сондықтан былтыр жәрмеңке қоймай қатысып, көрші облыстар мен аудандарға хабар тараттық» дейді Гүлнәр Әлібаева. Шаруашылық жайлы әңгімені үйіне кіріп, кәсіп иесінің өзімен жалғастырдық.
– Осы жұмысты қолға аламыз деп Алматыдан келдік арнайы. Негізі өскен жеріміз Арал ғой. Туған топыраққа келіп, ісімізді дөңгелетейік, аз да болса өскен жеріміздің өркендеуіне үлесімізді қосайық деген ой болды. Әйтпесе, құсқа қолайлы жер басқа жақтан да табылатын. Алматыдағы күйіміз де жаман болды дей алмаймын. Сөйтіп, не керек 6 пайызбен 16 миллион теңге несие алдық та кірісіп кеттік. Қазір күйеуім, балам үшеуміз жаңа жобамызды қалай дамытамыз деген ізденіспен жүрміз, – дейді.
Бүгінде шаруашылық «Линда», «Губернатор» тұқымдас қаздарды өсіруде. Алдағы уақытта тауықпен де айналысып, кеңейтуді ойластырып отыр. Ол үшін тағы 10 миллион теңге несие алғысы келеді. Бірақ әзірше бұл сұранысы қанағаттандырылмай тұр. «Ой көп» дейді Гүлнәр. Ауылда монша да, шаштараз да, наубайхана да салуға ыңғайлы. Осының бәрін біріктіріп, ортақ нысан ашуға да болады. Тек қаржы қолбайлау.
Кәсіп болғасын тек табыстан тұрмайды. Шығын мен мәселе де бір мүйістен көрініп тұрады. Кейде судың тапшылығы шаруаға кедергісін келтірсе, аумақ қоршалмағандықтан мал мен ит те мазаны қашырады. Осындай олқылықтардың орнын толтыруға мемлекеттен көмек көрсетілсе деген ойын жасырмады кәсіп иесі. Гүлнәр Әлібаева әзірше бұл мәселені біржақты етуге шама жетпейтінін айтты. Себебі, қазір табыстан гөрі ай сайын несиені жабу керек деген қарбаласпен жүр. Қарызды өтеп болғанша кәсіптің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, қарап отырғанша, мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып, өз ісін бастаған еңбекқор жанның шаруасы бізді қуантты.
Мұражайға айналған монша
Ағаштан түйін түйген ақбайлық Жанәбіл ұстаны бұған дейін білетінбіз. Ол кісінің үйінің іші-сырты алыстан көз тартады. Қиюласқан дүниенің бәрі ұстаның өз қолынан шыққан туындылар. Ағаш шебері жасаған дүниелерді өз көзімізбен көрмекке арнайы бардық. Бір қызығы, Жанәбіл аға бұл ермекпен зейнетке шыққан соң айналыса бастаған.

Кеңес тұсында кез келген ауылдағыдай Ленин мүсіні сол кезде Ақбай ауылында болды. Бірақ ол күтімсіздіктің салдарынан сынып қалыпты. Қалдығын алып, мүсінді қайта қашап шыққан кейіпкеріміздің мүсіншілік қабілетін де байқаған едік. Әрине, бұл іс екінің бірінің қолынан келе қоймас. Себебі, сурет салу бір бөлек те, ал бейнені тасқа қашап келтіру мүлде бөлек. Бұл үлкен ептілік пен сарқылмас сабырды қажет етсе керек.
Түркінің батыры – Ертұғұрыл жайындағы тарихи кинотуынды қазір экран алдына біраз жұртты жинады. Көпшіліктің жүрегінен орын алған сол кинода Ертұғұрылдың сенімді серіктері саналған Тұрғыт алып пен Бамсы сардардың жауынгерлік қарулары айбалта мен қос қылышты да біз мұражайдың мүйісінен көріп қалдық. Негізі, Жанәбіл аға көп дүниені немересінің өтінішімен жасайды. Осы жолы да “басты тапсырыс берушісі” сол батырлардың қаруларын жасап беруін сұраған екен. Міне, қарадомалақтар батыр кейпіне еніп, айбалта ұстап айбатқа мініп жүр. Мұражайға айналған ескі моншаға бас сұққанымызда, біздің көзімізге оттай басылған дүниелердің бірі сол болды.
Қолөнерші туындыларын балаларына аманат етіп қалдыруды көздейді. Атасының мұндай қымбат дүниелерін көзінің қарашығындай сақтайтын немерелері өсіп келеді. Қарапайым ауылдағы қарт шебер қазынасын одан әрі толықтыра бермек. Ағаш таңдамайтын ұстаның бүгінгі серігі – арасы мен пышағы. Осы екі бұйыммен әлі талай туынды жасап шығарар...
Ақбайдың қауындары, кетпейтін ауыздан дәмі
Жанәбіл ұстаның шағын шеберханасымен танысқан соң, одан әрі алқапқа бастық. Қара жолдың қансорпасын шығарып, жүйткіп келеміз. Ауыл іргесінен алыстамай-ақ, ауыр техникалардың қозғалысы басталды. Жағалай жатқан гектар-гектар жер. Трактордың ізінде сүйретілген сояу-сояу тіс топырақты төңкеріп, астын үстіне шығарып жатыр. Кейбірі шаруаны енді бастаса, егінге ерте кіріскендер дән тастап үлгерген екен. Біз де алғашқы қара көрінген тұсқа келіп тоқтадық. Жақындай барып, жағдай сұрастық. Жер жыртып жатқан аумақ “Сұлтан” шаруа қожалығына тиесілі екен.

– Бізде бақшамен қатар, мал азығын егетін қожалықтар да бар. Ал картоп секілді дақылдарды әркім өз керегінше егіп алады. Негізі Ақбайдың бренді – қауын ғой. Ел-жұрт таласып алатын да осы өнім. Шүкір, шаруалардың ширақ жұмысының арқасында өнім ойсырамай, ойлағандарындай табыс тауып келеді. Мәселен, жаңа сіздер барған “Сұлтан” шаруа қожалығы гектарынан 90-100 центнерге дейін өнім жияды, – дейді.
Жер емген жұрттың басты мәселесі су екені белгілі. “Биылғы алқапқа кететін судың шаруасын бүгінде бірыңғайладық” дейді ауыл әкімі. Айтуынша, 44 шаруа қожалыққа шамамен 1 млн 605 мың текше метр су қажет болады. Оны көршілес Қазалы ауданының су шаруашылығы мекемесімен келісе отырып жүргізетін көрінеді. Тіршілік нәріне кететін төлем де жасалып жатыр. Тек бақша еккен ағайын табиғаттың тосын мінезінен мәселе болмаса деп тілейді. Біз бақылап өткен мына жерде бірер айдан соң Ақбайдың сары қауындары теңкиіп жатар...
Ауылдағы алма бақ
Аралдың Сыр беткейіндегі сапар бақша алқабынан соң Санат Нұрмановтың жаңа шаруашылығында жалғасты. Бұл кәсіп иесінің өзі үшін ғана емес, жалпы аудандағы жаңалық десек болады. Алма өсіруді қолға алған азаматтың жұмысымен, аудандағы алғашқы алма бақпен танысып қайттық.

Бізді кәсіп иесінің тәуекелшілдігі таңғалдырды. Қалай дейсіз ғой? Бұл істі негізі былтыр бастапты. Бес жүз түпті жеріне орналастырып, алғашқы қадамға барады. Енді алып келе жатқан шыбықтар, судың тапшылығынан қурап, өліп қалған. Бірақ бастаған істі аяғына жеткізуді мақсат етіп, биыл 5 гектар жерге 3000 түп алма қайта егіп отыр. Ол үшін бағдарлама бойынша 4,5 млн теңге несие алыпты. Ісі алға баспаса, кәсіптен іргесін аулақ салатындар үшін бұл үлгі емес пе?!
Сонымен жұмыстың жайын айтайық. Алма дегеніңіз бізге таныс емес кәсіп. Білуімізше, судан тарылтпай, топырағын құнарландырсаң, аса қамқорлықты қажет ете қоймайды. Бақ басына келгенде түйгеніміз осы болды. Бұл өсімдікті аптасына бір суарсаңыз жеткілікті екен. Өзін кәсіп иесінің баласымын деп таныстырған Ақжігіт шыбықтарды аралатып, технологиясымен таныстырды.
– Мына айналдыра жағалай еккеніміз – терек. Бес гектар жерді осымен қоршадық. Алманың тұқымы ұшпасын, талға ықтасын болсын дегеніміз. Оның сырты көріп тұрғаныңыздай сыммен қоршаулы. Орта тұсына барсаңыз гүлдеп тұрған ағаштар көзіңізге түседі. Негізі есебіміз бойынша екі жылда жеміс беріп қалатын шығар, – дейді ол.
Біздің жердің бір айыбы, топырағы сортаңды болып келеді. Бұл өскіннің одан әрі алып кетуіне кедергі. Сондықтан алмалар арықтың ортасына орналастырылған. Су жүрген кезде тұз жиекке ығысады. Міне, бағбандар бірте-бірте бұрын таныс емес тірліктің қыр-сырына осылайша қанығып жатыр. Көшеттер Түркістан облысынан алдырылған екен. Мұнда «Голден», «Симиренко» тұқымдары көктеп жатыр. Мақсат белгілі. Бұйыртып, жеміс берсе, ауданды алмамен қамту. Сондай-ақ, жүз-жүз түптен шие, алмұрт секілді жеміс ағаштары да тасталыпты. Кім біледі, бұл жемістер де жерсініп жатса, кеңейту ойларында бар.
Осылайша бұрын мал баққан жұрттың, бүгінде тал егуге бет бұрып жатқанына куә болдық. Гектарлаған жердегі қаз-қатар тізілген көшеттерге көзіміз сүйсінді. Күннен қуат, судан нәр алған жас өскіндер әзірше бағбанның бақылауында. Асықпасақ, алма жейтін күн де алыс емес деп одан әрі тарттық...
Ендігі межеміз – Ақирек. Арыстан бап әулиенің басына барып, шырақшының шырайлы әңгімелеріне қанығу. Алайда баба басына барған сәтімізді газеттің алдағы санының еншісіне қалдырдық...
М. ҚҰРМАНӘЛІ,
А. БИСЕНОВ
Сонымен жұмыстың жайын айтайық. Алма дегеніңіз бізге таныс емес кәсіп. Білуімізше, судан тарылтпай, топырағын құнарландырсаң, аса қамқорлықты қажет ете қоймайды. Бақ басына келгенде түйгеніміз осы болды. Бұл өсімдікті аптасына бір суарсаңыз жеткілікті екен. Өзін кәсіп иесінің баласымын деп таныстырған Ақжігіт шыбықтарды аралатып, технологиясымен таныстырды.
– Мына айналдыра жағалай еккеніміз – терек. Бес гектар жерді осымен қоршадық. Алманың тұқымы ұшпасын, талға ықтасын болсын дегеніміз. Оның сырты көріп тұрғаныңыздай сыммен қоршаулы. Орта тұсына барсаңыз гүлдеп тұрған ағаштар көзіңізге түседі. Негізі есебіміз бойынша екі жылда жеміс беріп қалатын шығар, – дейді ол.
Біздің жердің бір айыбы, топырағы сортаңды болып келеді. Бұл өскіннің одан әрі алып кетуіне кедергі. Сондықтан алмалар арықтың ортасына орналастырылған. Су жүрген кезде тұз жиекке ығысады. Міне, бағбандар бірте-бірте бұрын таныс емес тірліктің қыр-сырына осылайша қанығып жатыр. Көшеттер Түркістан облысынан алдырылған екен. Мұнда «Голден», «Симиренко» тұқымдары көктеп жатыр. Мақсат белгілі. Бұйыртып, жеміс берсе, ауданды алмамен қамту. Сондай-ақ, жүз-жүз түптен шие, алмұрт секілді жеміс ағаштары да тасталыпты. Кім біледі, бұл жемістер де жерсініп жатса, кеңейту ойларында бар.
Осылайша бұрын мал баққан жұрттың, бүгінде тал егуге бет бұрып жатқанына куә болдық. Гектарлаған жердегі қаз-қатар тізілген көшеттерге көзіміз сүйсінді. Күннен қуат, судан нәр алған жас өскіндер әзірше бағбанның бақылауында. Асықпасақ, алма жейтін күн де алыс емес деп одан әрі тарттық...
Ендігі межеміз – Ақирек. Арыстан бап әулиенің басына барып, шырақшының шырайлы әңгімелеріне қанығу. Алайда баба басына барған сәтімізді газеттің алдағы санының еншісіне қалдырдық...
М. ҚҰРМАНӘЛІ,
А. БИСЕНОВ