Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жерім – ән-жырым

Туған жерім – ән-жырым

Шыр етіп дүние есігін ашып, алғаш кіндік қаны тамған жер, сол адамның туған мекені болып табылады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті құт мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Олай дейтініміз, өзі Астана шаһарында жырақта жүрсе де елге деген сағынышын өлеңімен жеткізіп отыратын жандар баршылық. Солардың бірі – Арал қаласының тумасы, Шолпан Балманова. Оның мақалалары мен өлең топтамалары «Толқын» газетінде ұдайы жарияланып тұрады. Газеттің қоғамдық тілшісі ретінде белсенді жұмыс жасап келеді.
Алыста жүрген ағайынның туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша мән беруі – елге деген сағынышының көріністерінің бірі. Себебі, қазақ халқы әрқашан ұрпағын отансүйгіштікке, адалдыққа, намысшылдыққа, елін-жерін қорғауға, бауырмалдылыққа баулып өсірген.
Бүгін Шолпанның осындай туған жерге деген сағынышын жеткізген және патриоттық сезіммен соғыс ардагерлеріне арнап жазған өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Толқын» ақпарат

Қарақұм - құт мекенім

Құлындай күндерімнің куәгері,
Қарақұм – жайлауы кең, жасыл белі.
Еске сап анашымның ай келбетін,
Сипайды ақ бетімнен жұпар лебі.

Қарақұм – қастерлі де құт мекенім,
Лайықсың бәріне де мәртебенің.
Құмында асыр салып, аунап өстім,
Аңыз қып айта берер әр төбенің.

Айналдым, сендей ғана асыл белден,
Биіктен береке мен жасын көрген.
Балалық базарымның балдай дәмі,
Жуасы, сағызының майын терген.

Есейіп арман қуып алыс кеттім,
Қол созып жұлдызына жұмбақ көктің.
Іздері әкешімнің арқалаған,
Қалғандай арасында құрғап шөптің.

Туған жер, қымызың бал, қырқаң биік,
Жосатын даласымен қаптап киік.
Қай жерде жүрсем - дағы, мен өзіңді,
Қосамын жырларыма мақтап, сүйіп.

***

665 ардагер

665 ардагер, қалған арада,
Жеттік пе біздер сондағы сенің бағаңа?
Аралап келем, ауылдың кең бір көшесін,
Ардагер сиреп, қалыпты, кілең бағана.

665 ардагер, бүгін тізімде,
Сәлем бер, барып, ірілік жатыр ізінде.
Осы күн үшін, күресті олар жауымен,
Көрдің бе оны, соғыстың сызы жүзінде.

665 ардагер, жатыр үйінде,
Жатырған шығар, айтатын сол «бір күйінде».
Көрші ме саған, таныс па, әлде туыс па?
Бар – дағы, сізге, әкелген мынау сыйым де.

Көрді ғой олар кермектің дәмін, тартып жол,
Аяғын жұлып, берді ғой бәрі, сатып қол.
Білмесең бар да, есігін қағып қарашы,
Ардагер жатыр, төрінде нағыз үйдің сол.

Ардагер алып, аласармас бір бәйтерек,
Болмаса олар, қазір де біздер қайтер ек.
Қолыңда не бар, бар да, ал оның батасын,
Тұрғанда қалмай, саныңды соғып, ертерек.

Сиреген екен, сиреген екен, сен, оған,
Барайық бірге, барайық бірге, кел, одан.
665 ардагер қалған дәл бүгін,
Өмірдің заңы, өзгерте алмас еш адам.

Сайрап тұр дерек, желіде барлық желіде,
Ойлантып отыр, сені де, қазір мені де.
Рухы мәңгі өшпесін дейміз боздақтар,
Оралмай қалған, оралмай қалған еліне!

Жеңістің күні 2021 – дегі,
Осылай өзім өлеңмен үнді үндедім.
«Үйіне барып, сыйыңды бер, бір батырға!»
Осы деп білсең, өмірдің салған үндеуін!

Шолпан Жібекәлиқызы БАЛМАНОВА 
10 мамыр 2021 ж. 1 135 0