Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жолы жарқын Жолкелді

Жолы жарқын Жолкелді

Ескіұра – есігінің алдында айнадай жарқырап Райым көлі жатқан, батысында сылаңдап Сыр өзені ағып жатқан, ал шығысы ен жайлау - далиған даласы бар қасиетті де құтты мекен. Осы ата қоныста талай атақты да, абыройлы азаматтар туып-өсіп халқына, елге қызмет етіп, құрметке бөленді. Аттары ауданнан асып, аймаққа тарады. Солардың бірі – Жолкелді Нұрадинұлы Тілеуімбетов.
Жолкелдінің ата-бабалары да осы ежелгі қоныс – Ескіұрада туып-өскен. Ол дүниеге келген 1938 жылы Кеңес Одағында фин соғысы басталып, оған отбасы мен нағашыларынан да сайлы жігіттер белгісіз соғысқа алынып кеткен-ді. Сол балаларымыздың жолы болып, елге аман-сау оралар ма екен деген ниетпен оның атын Жолкелді қойған.
Балдәурен балалық шағын осында өткізіп, көлінде жүзді, қармағын, ауын салып, балығын аулады, құсын атты, пішенін орды, малын бақты, осылай ойыны мен тіршілігі қабат жүріп, ерте есейді. Осындағы соғыс ардагері Самырат Жүсіпов ағайы ұстаздық ететін бастауыш мектептен төртжылдық дәріс алып, оқуын көлдің арғы бетіндегі Райымда жетіжылдық мектепте жалғастырды. Одан әрі Қамбаштағы онжылдық мек-теп¬тен орта білім алып шықты. Бұл 1958 жыл болатын. Мектепте қатарларының алды болып, жақсы оқыды, үздік атанды. Бірақ, үйде балалардың үлкені болған¬дық¬тан жоғары оқу орнына бара алмай, әкесіне көмекші, бауырларына қамқор болу үшін ерте еңбекке араласты.
Бұл кездері Ескіұрада қамыс зауыты деп аталатын мекеме ашылып, жұмыс іс¬теп тұрған. «Зауыт» деген аты дардай болғанымен, ауқымы пәлендей үлкен емес. Негізгі жұмыс көзі дария бой¬ындағы Ескіұра мен Райымның қыстай ну қамысын орып, күделеп жинап алады да, жаздай құрылыс материалдары үшін шом буып, мата тоқиды. Оны ауданның шаруашылықтары мал базарын салуға, тұрғын үй тұрғызуға таласа алып кетеді. Жолкелдінің қысы-жазы істейтін кәсібі осы, ауыл адамдарына қосылып, жұмысшы атанды. Мұнда қаладағыдай бәрі жұмысқа тартылған. Ер адамдар шом буса, әйелдер жағы мата тоқиды. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дегендей, ауылдың үлкенді-кішісінің жұмысы осы, бәрі істегеніне қарай еңбекақы алады. Ұзамай Қызылорда да бір өзі бір қала атанған картон комбинаты ашылып, оның негізгі жемтігі өзен, көлдердің қамысы болды. Ескіұраға ең жақыны Андабай деп аталатын №34 бекет. Дайындалған қамысты машина, трактормен соған тасып, вагонға тиеп, Қызылордадағы комбинатқа жібереді. Жұмыс көлемі бұрынғыдан екі-үш есе ұлғайды. Жаңа трактор, жаңа машиналар алынды. Райым, Қызылжардан жұмыс іздеген адамдар көптеп келе бастап, Ескіұра үлкен елді мекенге айналды. Мұнда Жұмағұлов Дәрбала, Жоланов Әлдияр сияқты ауыл азаматтары қамыс зауытына бастық болып, елге қызмет етті.
Жолкелді осында жұмыс істеп жүріп шоферлік курсты бітіріп, зауыттың машинасын айдады. Сырттай Қазалының ауылшаруашылық техникумын бітіріп, механик қызметіне ауысты. Елмен бірге жұмысқа беріле кіріскен Жолкелді ауылдың бетке ұстар азаматына айналды. Дәулет Асанның Мәмбеті Сақтаған ақсақалдың Орынбике есімді қызына үйленіп, үйлі-баранды, ұл-қызды болып, жарасқан жанұя құрып, үлкен шаңырақ иесіне айналды.
Жолкелдінің жарқын жолын осылай тізбектей берсек, ел тағдыры, ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі өмір көшіндей ойға оралады. Өзім де осы жерде туып-өскен соң, анда-санда атбасын бұрып тұрам. Келсем, Жолкелді ағаға соқпай кетпеймін. Өйткені, бұл үйдегі Орынбике марқұм әжемнің өкіл қызы болатын. Көзі тірісінде туған қызындай сыйласып өтті. Сондық¬тан Орынбике менің апам да, Жолкелді жездем болып келеді. Бірақ Жолкелдіні жезде деп өмірі айтқан емеспін, аға деп кеттік.
Туған жерге көптен ат ізін салмаған едім. Күзге салым қасымда Алмағамбеттің Бектасы бар, соның жеңіл көлігімен Ескіұраны бетке алдым. Басты баратын үйіміз Жолкелдінікі. Өйткені, ағамыз соңғы кездері сырқаттаныңқырап жүрген, ойымда көңілін сұрап, әңгімелесіп қайту. Біз кіргеннен ағамыз төсектен басын көтеріп: «Ой, айналайындар-ай, келдіңдер ме?» деп қуана қарсы алып жатыр. Жөкеңнің әдеті, сөзінің басы «айналайыннан» басталатын. Төрге төсек салғызып, Орынкүл апама: «Әй, шәй әкеліңдер, қазанға тамақ салыңдар» деп тәртіп беріп жатыр.
Қоңыр салқын бөлмеде сабамызға түсіп, жағдай сұрасып болған соң, ашылып әңгімеге көштік.
– Жөке, ауылдағы қамыс зауыты қалай жабылып қалды?-дедім өткенді ойға орал¬тып.
– Ол былай болды ғой. Біз қамысты №94 разъезден ашық вагонға тиейтінбіз. Кейіннен теміржолдың мамандары «бұл – өрт қауіпсіздігі ережесіне қарсы» деп жібермей қойды. Сонымен бірге картон комбинаты Ресейдің ағаш өнімдеріне көшті. Елді жұмыссыз қалдырмау үшін бізді Қазалының кірпіш зауытына қосты. Зауыттың бір филиалы болып, ауылда біз де кірпіш күйдіріп шығардық. Кейін бұл да жабылып тынды. Содан мен аудандағы шегірткеге қарсы күрес стансасына агроном болып жұмысқа тұрып, осы мекемеден 1994 жылы зейнеткерлікке шықтым ғой,-деп бір тоқтады.
– Қамыс зауытында кімдермен жұмыс істедіңіз, қасыңызда кімдер болды?
– Ой, көп қой, арғы беттің Асаны Рахмет деген жігіт болды. Бір аяғын сылтып баса¬ды. Ағайынымыз Қадірбайдың Сексенбайының Қалам деген қызын алған. Бізге күйеу болып келеді. Өзі қиялшыл, айтпайтыны жоқ, әрі ақсақ. Қасында Жөргембай деген ағамыз болды, оның көзі соқыр. Екеуі бірге шом буады. Сондағы айтатыны ғой:
Құдайым жолдас қылды Жөргемменен,
Бір көзін таңып алған мергенменен.
Бірі ақсақ, бірі соқыр қосылған соң,
Жұмыстың несі қалды жөнделмеген.
Пәтіш пенен Іскендір іскер жандар,
Бұларға ешбір адам тең келмеген.
Жолкелді, ақ Қуанмен бұл екеуі,
Шом буып алпыс бестен өзгермеген,-деп отыратын жарықтық, олар да кетті ғой өмірден.
Мен ол кезде шофермын. Машина ескі. Жөндейтін оңды құрал-сайман да жоқ. Паяльник болмаған соң, шелекке солярка құйып от қойып, маторды сонымен қыздырамыз. Қап-қара түтін көтерілгенде соның жанындағылар, бәріміз қап-қара болып шығамыз. Осыны көріп Рахметтің айтатыны ғой, машинаның нөмірі 67-05 еді.
– Алпыс жеті ноль бесім,
Шофердің құрттың он бесін.
Жұрттан қалған тұлпарды,
Жолкелді қайдан жөндесін,-деп бізді күлдіріп отыратын,-деп Жөкең де сол кездегі ағаларын еске ала күліп алды.
Осылай көңілді отырғанымызда шәй да келді. Ағамыз әңгімеге қызып кетті ме деймін, сырқатын да сыртқа ысырып тастағандай болды.
–Тағы қандай айтқыш ағаларыңыз болды. Осы Мәшір жырауды көрдіңіз бе?-деп әңгіменің бір ұшын шығарып қойып едім:
– Білгенде қандай. Талай жырларын тыңдадық. Өзі жай сөзге кекеш болатын, тұтығып сөйлейтін. Ал соған қарамай өлең айтып, жыр жырлағанда бұлбұлдай сайрайтын еді. Сол бір күні Қамбашқа барады. Мәшір жырау келді деген соң, ол түскен үйге ауылдың біраз үлкендері де жиналып қалады. Шамалы жырау жырлатып, көңілденіп алғаннан кейін бір белсенді: «Ал, Мәшірмен айтысатын кім бар?» дейді. Ортада мұғалім болып істейтін, тілінің уыты бар, әзілқой әрі Мәшірмен құрдас Ерен бар еді, соны шығарады.
Сонда Ерен ойланып тұрып:
– Ей, Райымнан келген ақымақ,
Ақымақ болсаң шақымақ.
Ей, Тиынша, Тиынша,
Басында бар ма миыңша?
Басыңда болса миыңша.
Мына адамдарды отырған,
Үйіңе бар да жиынша!-дегенде, тыңдап отырғандар: «О, Ерен жеңді, Ерен жеңді! Әй, Тиынша, мынаның айтып отырғанын білдің бе, сөз бітті, енді сенің үйіңе барамыз» деп алқалы топ Тиыншаның үйіне барыпты. Ол кезде Тиынша наубайханада істейді, өзгеге қарағанда үйінде баршылық. Соны біліп, жақсы тамақ ішіп, көң¬ілді отырыспақ құру үшін ауылдастардың істеген әрекеттері екен ғой. Осындай да болған, айналайындар,-деп Жолкелді аға бір жөткірініп алып, сәл тыныстады.
– Жөке, ауылда талай айтқыш ақсақалдарымыз болды ғой, көзін көрдіңіз, олар¬дың әңгімелерінен не білесіз?-деп Жөкеңді тағы бір сүрлеу жолға салдым.
– Ой, білгенде қандай, ол уақыт ақсақалдардың түгел кезі ғой. Шора, Садықбай, Саймұрат ақсақалдармен талай табақтас болып, әңгімелерін тыңдадық. Ел аузындағысы тағы бар, қайсысын айтайын,-деп сәл ойланып алып:
– Сейтмұрат ақсақалдың өз аузынан естіген мына әңгімені айтайын. Оның өзі біздің аталарымыз туралы болғандықтан әлі есімде. Қамыс зауытта жүрген кезім. Жұмыс бабымен Шиеліге бара жатқанымызда Қызылордадан өте машинамыз бұзылып қалып, Тасбөгеттегі Сейтмұрат ағамыздың үйіне бардық. Оның менімен жасты Жасарал деген баласы бар. Өзі инженер, соған айтып машинамызды оңдатып алдық. Сейтмұрат ағамыз әңгімешіл адам, сондағы айтқаны ғой:
– Сенің әкең Тілеуімбет, шешең Әбіш, солардың да нанын жедік қой,-деп бір күліп алды. -Жазғы тұрғы уақыт, жер жыртып, тұқым сеуіп жатырмыз. Сенің әкең Тілеуімбет батыр адам ғой. Соған сәйкес зорлығы да бар. Сеуіп жатқан дәндік 5-6 келі бидайдың екі кесесін зытырып жіберді. Соны көріп, қасымдағыларға: «Ертең түсте Тілеуімбеттің үйіне барамыз, осы бидайдан ауыз тиеміз» дедім, олар да келісті. Ертеңіне Тілеуімбетке: «Бүгін түсте үйіңе барамыз» деп едім, ол «Барсаң барыңдар, бұйырғанын көресіңдер» деді. Содан түсте әкеңнің үйіне келдік. Айтқандай-ақ Тілеуімбеттің әйелі Әбіш кешегі екі кесе бидайды тартып, күлше пісіріп жатыр екен. Үйге кіріп, төрге жайғастық. Менің қасымда топса, кекілі жоқ бір сандық тұр екен. Жәймен ашып қарасам, бір бұрышта жартысынан орталау қарын май жатыр екен. Көрдім де, сандықты жаба қойдым. Кешікпей дастархан жайылып, шәй келді. Әбіш ыстық күлшені буын бұрқыратып турап жатыр.
– Ой, Әбіш-ай, мынаған құйыттай сарымай болып, жағып жер ме еді,-деп едік, Тілеуімбет те қоштай кетіп:
– Әй, қатын, сарымайың бар ма, тез әкел!-деді.
– Ой, маңдайына көк тігілсін, қайдағы сарымай, жалғыз сиырдан не май болатын еді,-деп берместің сыңайын танытты.
Сол кезде мен аунаған болып, аяғыммен сандықтың қақпағын байқамаған адамдай қағып жібердім. «Ой, мына сандық ашылып кетті-ау» деп жабайын деп жатып: «Оу, мында сарымай бар екен ғой» деп едім, Тілеуімбет: «Әкел мында, өй әкеңнің аузы...» деп бір боқтап, сандықтағы сарымайды алды да, әлгі қатырма нанның үстіне ұрды. Әбіш шешең қолында емізулі Бақытжаны бар, үйден қаша жөнелді. Тілеуімбет үйді айналып қуып жүр, қолында қамшы. Мен де жүгіре шығып: «Әй, мына жынды баланы өлтіре ме?» деп Әбішті қорғаған болып ана жерінен бір ұрғызам. «Әй, баланы аясайшы» деп мына жерінен тағы бір ұрғызам. Шырылдаған Әбішті аяймын, аяғаныммен жаңағы қылығынан соң ұрғанын іштей жаным жақсы көреді. Сөйтіп те сенің әке-шешеңнің нанын жегенбіз деді ғой,-деп әңгімесін аяқтады.
– Әзілдері де жарасатын, айқайға бергісіз әңгімелері де жарасатын ақсақалдардың бәрі кетіп болды. Әй, балдар, тамақ та болып қалды ғой. Айта берсек әңгіме көп қой, бүгінге болар, тағы келсеңдер, тағы айтам, ой, айналайындар, осылай келіп тұрсаңдаршы,-деп Жөкең құр атқа мінгендей қутыңдап желпініп, жеңілденіп қалды.
Әңгіме тамақ үстінде де таусылатын емес.
– Жөке, аға, қалай, өміріңізге разысыз ба, ел-халқыңның жағдайы, тіршілігі қалай?-деймін тағы да.
– Ризамын, өміріме еш өкпем жоқ. Баяғыда үлкендеріміз айтатын, бұл Ескіұра құтты мекен, үлкейеді, жақсарады деп. Құдайға шүкір солардың айтқаны келді ғой. Сегізжылдық зәулім, жаңа мектебіміз бар. Қаншама адам сонда жұмыс істеп, күн көруде. Жол да салынды, су да тартылды, жарық, телефон екібастан бар. Мал бағасың ба, балық аулайсың ба, шөп шабасың ба, тіршіліктің көзі көп. Ал осы жердің Ескіұра деп аталғанын білесіңдер ме?-деп бізге қарады. «Айта беріңіз» деп ишара бірдіргенімізден соң әңгімесін одан әрі жалғастырды.
– Ертеректе осы жерді мекендеген адамдар сонау Ақшоқыдан бермен қарай көл жағалай етектеп егін еккен. Қыстай жейтін, артылған астықтары мен тұқымдық дәндерін су бармайтын биік нұраға ұра қазып сонда көміп сақтайтын болған. Бұл бара-бара үрдіске айналып, ескі ұра, яғни Ескіұра атанып кеткен. Міне, біздің үлкендерден естіген әңгімеміз осындай. Жөкең: «Енді білдіңдер ме?» дегендей беті¬мізге бажырая бір қарап алып, «Әй, балдар, мына тамақтан алдырып отырсаңдаршы» деп ықылас білдірді.
– Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Осында бір адамдай еңбек етіп, бір адамдай өмір сүрдік. Мына апаң екеуіміз алты перзент көріп, оларды өсірдік, өндірдік. Қолымыздан келгенше оқыттық. Баламыздың үлкені Мұратым, өзің білесің Қызыл¬ордада. Оны кемпір-шалдың баласы дейміз ғой, бірақ көздері кеткен соң айта бере¬міз, Құдай кешірсін. Одан кейінгі қызым Мариаш Шымкент жақта, жоғары білімді, Шолаққорған деген жерде мектепте мұғалім. Жанболатым ауылшаруашылығы техникумын бітірді, судан құтқарушы болып жұмыс істейді. Одан кейінгі Гүлжан, Гүлсара қыздарымыз да өздеріне лайықты жұмыстарында. Кенжеміз Айболат қолымызда, осы шаңырақтың иесі сол. Медпункте күзетші. Бәрі де үйлі-баранды, солардан немере-шөберелеріміз бар. Апаң екеуіміздің тілейтініміз осылардың амандығы. Ел-халқымыздың тыныштығы. Басқа не айтайын, аман болыңдар, талаптарың оң, сапарларың сәтті болсын. Осылай келіп тұрсаңдаршы, айналайындар. Бүгін бір әңгімелесіп жақсы болып қалдым ғой,-деп Жолкелді ағам ағынан жарылып алғысын білдіріп жатыр. Сыр¬қаттанып жүрсе де сыр білдірер емес.
Айыз қандыра әңгіме айтып, жақсы жайлаған ағамыз бен апамызға біз де жүрек түкпірінен жарып шыққан шынайы тілегімізді айтып, сыртқа беттедік. Үйден аттап шықсаң көзге шалынатыны әйгілі Жетес бидің көрікті кесенесі тұрған әдемі қоршаулы ауыл бейіті. Мұны 1970 жылдары тікенді темір сыммен бірінші болып қоршаған Жәнәлі атамыз бастаған ауыл ақсақалдары еді. Мұнан кейін екінші қолға алған әкелі-балалы Мұрат пен Жолкелді болды. Мұрат демеушілік жасап бар¬лық қажетті жабдықтарды әкеліп тастады. Жолкелді ағамыз қасына ауылдың он шақты жігіттерін ертіп, ортасына темір тор жүргізіп, оның асты-үстін шірімейтін сырлы темір қаңылтырмен көмкеріп, көз тартарлықтай қоршап шықты. Кезінде тірілерге де тік тұрып қызмет ете білген Жолкелді осылай өлілерге де өшпестей өнегелі қызмет ете білді.
Ауылдың адамдары-ай, неткен дарқансыздар. Жолкелді ағаның жарқын жолы, сол жолдағы ауыл адамдарының ақжарқын бейнелері, әсерлі әңгімелері мен тату-тәтті тіршіліктері көңілге көгершіндей қонақтап, ойға орала береді, орала береді. Неткен ыстықсыңдар, туған жер, туған ауыл, туған жандар.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі
31 тамыз 2023 ж. 661 0