Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аманат арқалаған ана

Аманат арқалаған ана

Үйдің тұңғышы әжесінің баласы болатыны белгілі. Менің де «шыр» етіп өмірге келгенімде маңдайыма осындай бақыт жазылған екен. Бақыт дейтінім «әженің баласы» болу деген жарты дүниені еншілеумен тең. Балалықпен жасаған бұзықтық та жазасыз қалады. Бар тілегің қабыл болады. Сол еркелікке мастанып жүре берер ме едім кім білсін? Мен 5 жасты иектегенде әжем айналдырған ауыр дертінен ажал құшып кетпегенде.
5 жастаға бала болсам да сол сәттегі көрініс әлі күнге көз алдымда. Қыркүйектің алғашқы күні болатын. Менен ересек көрші балалар жазғы демалысын аяқтап оқуларына аттанған. Түс ауа аула ішінде қарбалас болып кетті. Үйдің көлеңкесінде ауруды меңдеп әжем бір уыс болып жатқан. Анам кемсеңдеп жылап, кеседегі суын ұсынып жатты. Осы сәтте бізбен көрші тұратын анамның туған әпкесі Рабиға мама да алқына жетті. Анам бізді екі үй ары тұратын көршіміздің үйіне апарып тастауды ересектеу біреуден өтініп жатты. «Балалар шошынып қалар, Дидардың үй жағына апарып тасташы» деді. Ол кезде інім екеуміз ғана бармыз. Айтқанындай-ақ бізді сол үйдің ауласындағы сәкіге әкеліп жайғастырды. Олардың есік алды мәуелі бақ болатын. Әншейінде жүзімі мен алма, алмұртын жегіміз келіп сырттай көз құртымыз кетіп жүретін. Бұл күні сұрамай-ақ аңсар ауған жемісіміз алдымызда тұрды. Бірақ оған алданар біз бе? Кішкентай болсам да ес біліп қалған кезім ғой. Әжемнің келмес сапарға кеткелі жатқандығын ішім сезіп, жан дүнием езіліп отырғанда тәтті дәмге тәбет барған жоқ. 3 жастағы інім мәз боп жеп жатыр. Сосын оған: «Нөни, біздің әжеміз өлейіндеп жатыр. Жүр үй жаққа қашайық» деп үгіттедім. Ол сөзімнің мәнін ұқты ма, жоқ па білмеймін. Бірақ маған ілесті. Жас шықтса ауламызда 6 қанатты киіз үй тігулі тұрушы еді. Сол кейіз үйдің артына барып көрісе жылаған көптің дауысына біз де үн қостық.
Әжем қайтқан соң мен өзімді қорғансыз қалған адамдай сезіндім. Бірақ әжем мені қорғансыз қалдырмаған екен. Ажал аузында жатқанда анамның әпкесі Рабиға маманың қасында болғанын айттым ғой. Сол сәтте әжемнің Рабиға мамама айтқан соңғы аманаты мен болыппын. Маған қамқорлық танытуды тапсырып болған әжем, оның уәдесін алған соң алаңсыз аттанып кетіпті.
Сол күннен бастап менің жаңа қолдаушым, қамқоршым пайда болды. Ол алтынға бетер жаны жайдары – Рабиға мамам. Шындап келгенде ол менің нағашы әпкем. Бірақ бәріміз оны «Дау мама, Рабиға мама» деп атайтынбыз. Себебі ол өзінің інісінің балаларын да кішкентайынан бауырлап өсірген. Бір қарағанда өңі сары, кішірек көзді, тайпақ танау, жұқа ерінді ірі денелі әйелдің бет жүзі сұсты. Кез келгенді қаймықтырып тастайтын қаталдықтың нышаны байқалады. Ал жан дүниесіне терең боласаң одан мейірімді, ақылды, дана адам жоқ. Еркелігі басылмай 17 жасында әкемнің жары атанған анамның да отбасылық тұрмысқа етене сіңіп кетуіне ақылын айтып қолдау керсеткен осы жан. Екі үйдің арасында үй жоқ, қатар тұрды. Сондықтан біз екі үйдің ортасында емін-еркін өстік. Рабиға мама біздің анамыздың әпкесі емес, әкеміздің туысы сияқты.Әкем мен анам кейде сөзге келіспей «шәй» десіп қалса ылғида әкемді қолдап, көтермелеп, анама басу айтып отырғаны.
Рабиға маманың өзі де нағашы әжемнің төл басы. Сондықтан ол да әженің баласы болып ерке өскен. Былай келгенде менің жағдайымды толықтай түсінетін адам. Несін жасырайын алғаш мектепке барғанымда сабақты ұға кетуім оңай болған жоқ. Әріптерді жаттай алмай, анамның жүйке жүйесін біраз зақымдадым. Ондайда, әрине, жонымызға анамның алақаны тиеді. Сондайда Рабиға мама: «Әй, баланы қорқытып ештеңе ұқтыра алмайсың. Өзің аспанан салбырап түсіп пе едің? Әкелші бері өзім оқытайын» деп әліппемді қолыма ұстатып үйіне алып кетеді. Сол күні мен тәп-тәуір оқитын болып шығамын.
Ойын баласымын ғой, бірде өзімнен кейінгі бауырыма қарамай ойын қуып кеттім. Анам сонда мені таяқтады. Ондайда Рабиға мамама қашып баруды әлдеқашан дағдыға айналдырып алғанмын. Сонда Рабиға маманың анама қатта ашуланғаны есімде.
– Бұл қызды енең өлер алдында маған аманаттап кетті. Сонда сенен осындай таяқ житінін жарықтық сезген екен ғой. Мен аманатқа қиянат жасай алмаймын. Қызды осылай таяқтай беретін болсаң мүле бермей қоямын, - деп сіңілсін, яғни менің анама ұрысып үйінен қуып жіберді. Сол күні мен Рабиға маманың бауырында жаттым. Қандай жұмсақ алақан? Не деген хош иіс? Әжем қайтқалы сезінбеген кереметті күйді қайта сезіндім.
Рабиға мамамның жолдасын бәріміз «Пазыл тәтем» деп атадық. Жарықтық жаны жайсаң жан еді. Өмірден ерте кетті. Ол да балажан болатын. Бәрімізді жанына үйірсектеп білуге құмар баланың мылжың сұрағына ерінбей жауап беріп жүретін. Олардың жанында өзімді сондай жайлы сезіндім. Ес біле бастағанымда тәтем: «Нәскө ертең өскенде мұғалімнің, болмаса дәрігердің оқуын оқы. Грантқа түсе алмасаң, оған дейін пенсияға шығам. Өзім пенсиямды жинап оқытамын» деп менің болашағымнан зор үміт күтті.Сонда өзінің 4 баласы, немересі бола тұрса да мені сондай ықыласпен қанаттандырды. Бірақ амал не? мен 7-сыныпты оқып жүргенде ауырмай, сырқамай зіл темірдің астында қалып қойып өмірден ерте кетті.
Зымырандай зырғыған уақыттың екпінімен біз де есейдік. Бұл шақтарда Рабиға мамам қарттыққа бет бұрды. Ылғида мені бір баласындай көріп, қамқорлығына бөлеп өсірген ол жадынан менің аманат бала екенімді шығарған емес. Және ауызынан да тастамай айтып отырады. Жаңа өмірге аттанар алдында да ең бірінші сол кісінің батасын алдым. Ол менің дүниеме баратын көрме төсегімді өз қолымен дайындап берді. Айтпақшы, ол кісінің қасында жүріп, мен де құрақ көрпе құрауды, тігін тігуді меңгеріп алғанмын.
Қазір екінші әжемдей болған сол бір жайсаң жан 70 жаста. 4 баладан тараған 15 немере, 1 шөберенің әжесі болып отыр. Көзінің көру қабілетінің төмендегеніне қарамай жаз шықса аулада егін егіп, әйтеуір күйбеңдеп жүргенін көресің. Ауылға төркіндеп бара қалсам айналып толғанып, бар мейірімін төгеді. Ақылын айтып айналсоқтап жүргені. Үйінен арнайы ас әзірлетіп қонақ етіп шақыруды да әркез қаперінен шығарған емес.
Кішкентай жүрегіме мейірім мен махаббат сыйлап, әркез тілегімді тілеп, қамқорын соғатын осындай ізгі жандардың ортасында бақытты балалық шақ кешуді бұйыртқан Жаратқанға алғысы шексіз. Және екінші әжемдей Рабиға маманың ұзақ ғұмыр кешуін тілеймін. Ізгі жүректі жандар арамызда көбірек жүрсінші.
Назерке БАҚЫРАН
01 сәуір 2024 ж. 747 0