Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлт тәрбиесінің бүгінгі күйі қалай?

Ұлт тәрбиесінің бүгінгі күйі қалай?

Халқымыздың басты қазыналарының бірі – той. Әрине, қазақ той десе, шаршамасы анық. Біздер қонақ келсе, қорадағы соңғы қойымызға дейін сойып, барымызды қонақ алдына тосып қарсы алатын халықпыз. Ал той жасай қалсақ, келген адамдарды риза қылмай қайтармайтынымыз тағы бар. Ал осы тойымыздың өзі салт-дәстүр мен тәрбиеге толы екенін байқадық па? Мсәелен, қызға сырға салу, ұзату, сыңсу және беташар секілді той үлгілеріміздің астарында біршама қазақы тәрбие жатыр.
Ертеден қазақ қыз баласы тәрбиесіне аса жауапкершілікпен назар аударған. Оның артық сөйлеп, қатты дауыс көтеріп күлгенін әдепсіздікке балаған. Тіпті оның киім киісіне дейін жіті қадағалап отырған. Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» демекші, қыз бала тәрбиесі оның ата-анасына да байланысы бар екенін білдіріп тұрғандай. “Қызды жат жұрттық” деп қадірлеп, қашанда шаңырақ төрінен түсірмеген. Ертеңгі барған жерінде қызға сөз келмес үшін, анасы қызына бойындағы бар жақсы қасиеттерін сіңіруге тырысады. Жалпы, әрбір адамзат баласының тәрбиесі отбасынан басталатыны белгілі. Кейін мектеп қабырғасына ұласары сөзсіз. Міне, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол − үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс. Тарихымыздың сан түрлі парақтарын ақтарсақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері туралы, жалпы аналар әлемі туралы қалам тербемеген тұлғалар сирек екен. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың қазақ қыздарына айтқан өсиет сөздері де өте көп. Мәселен, «Адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам ең ардақты адам», «Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!», «Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!» «Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!».
Бүгінгі күні қазақ қоғамындағы қаракөз қыздарымыздың бойынан осы бір асыл қасиеттер табылады ма? Салт-дәстүр мен ұлттық сананы бойына терең сіңірген ибалы қыздарымыз бар ма? Әрине, қазақ қыздары қашанда сыпайы мінезді келген, сондай-ақ орынсыз мақтаудан сақ болған. Бір өкініштісі, технология дамыған заманда көгілдір экран мен қолдағы ұялы телефонның теріс әрекетінен кей қыздарымыз батыс халқына еліктеп бара жатыр. Сән қуамыз деп, беттеріне түрлі-түсті бояуларды баттастырып, өздерінің кімге айналғанын білмей жүр. Осы тұрғыда Әзілхан Нұршайықов ағамыз: «Қазіргі қыздардың түрі, түсі бұрынғы ғасыр қыздарына ұқсағанымен, бұлар ұлттық үлгіден ауытқып бара жатыр. Қазір көптеген қыздар ана тілінен алыстап, ұлттық дәстүр, салт-санадан мақрұм болып барады. Олар үйде де, көшеде де, аудиторияда да, мекемеде де қазақша сөйлеспейді. Радио, теледидардың қазақ тіліндегі хабарларын тыңдамайды... Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ қыздарында ұлттық рух жоқ. Қазіргі қыздар тым сәнқой. Сәнқойлығы сондай, көп қыздар жазда ашық-шашық, қыста жалаңбас жүреді «Қарағым-ау, бүйтіп жүріп денсаулығыңды жоясың ғой!» дегің келеді оларға?!... Осының бәрі ұлтымыздың соры екенін ұғынсақ етті. Экономикамыз өсіп келеді, еліміз байып барады дейміз. Рухың өшіп, ұлтың азайып кетсе, ол экономика кімге керек? Не пайда? Осыны да ойлауымыз керек қой!... Ұлттық ұлы жауапкершілік өз мойындарыңда екенін ұмытпаңдар, қыздарым, қарақтарым, қалқаларым!» деп пікір білдірген.
Қыз баласы бой жеткен соң жат-жұрттық екенін сезеді. Осылайша, ол өз теңін тауып, үлкендердің батасымен ұзатылады. Дәстүр бойынша қызды қайынжұртына жеңгелері ұзатып баратын болған. Ұзататын жеңгелер қызға жаңа өмірдің қыр-сырын, келіндік міндетті, ақ жаулықтың қадірін, ата-енені, қайынжұртты, күйеуді сыйлауды, тіпті сәлем салуды үйреткен. Қыз ұзататын жеңгені де қазақтар ерекше талғаммен таңдаған. Міне, осыдан-ақ қазақтың өте ырымшыл халық екенін аңғаруға болады. Осы «Қыз ұзатуды» алып қарасақ, бұл дәстүрді өткізудің өзі бірнеше сатыларға бөлінетінін аңғарамыз. Яғни, қыз ұзату барысында рет-ретімен орындалатын рәсімдер бар. Мәселен, қызды туған шаңырағынан шығарып салу сәтінің өзі қаншама көңіл толқытар қуанышты сәттерге толы десеңізші?! Қыз ұзату тойын түйіндейтін рәсімдердің бірі «Қоштасу» салты. Қоштасу кезінде қыз бүкіл жақын туыс-туған, ата-ана, аға-інілерімен қоштасып шығады. Көңілдері босап, толқыныс күйін кешкен қалыңдық пен жақындары жылап қоштасып жатады. Бұл отбасындағы береке-бірлікті, татулықты көрсетері анық. Кейін қоштасу сәтінде қыздар «Сыңсу» айтады. Бұрандары ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралайтын болған. Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Сыңсу өлеңдерін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған екен. Ондай өлең жырды сыңсу дейді. Сыңсудың байырғы заманнан қалыптасқан өзіндік әні мен сөзі бар болған.
Дана халқымыз: «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата – ана және қоғам. Сол себепті қыз баласы қашан болмасын тап-таза киініп, шашын таранып, жинақы жүруі керек. Ұлтымыз қазақ деп ұрандағанда, сол ұлттық ұранымыздың ішінде тілі, діні, салт-дәстүрі мен тарихы бірінші ойымызға келеді. Міне, қазақ ұлтын қорғаушы да, қолдаушы да біздің ұл-қыздарымыз. Сондықтан да баланы отбасындағы бесіктен бастап дұрыс тәрбие беріп, түзу жолмен жүргізейік. Уақыт қанша өзгерсе де, қалыптасқан қанымызда бар ибалылық өзгермесін дейміз.

А. НҰРЛАНОВА

05 тамыз 2024 ж. 314 0