Қос ғасырдың куәгері

Біз тақырыпқа арқау етіп, ғибратты ғұмыр деп айдар таққан қос ғасырдың куәгері Баймырза Жұбаниязов еді. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей көкеміз жайында тектен-тек қалам тербеп отырғанымыз жоқ. Яғни, Қылыштауының баурайында өмірмен өрнектеген көкеміз үстіміздегі жылы жүз жастың көжесін ішпек. Көргені көп, түйгені мол қария бүгінгі таңда ауданның мақтанышы.
Өткен күн тарих. Үстіміздегі жылы батыстан тұтанған алапат оттың сөнгеніне, сарғая күткен жауынгерлердің жеңіс жалауын желбіретіп елге келгеніне 80 жыл болатыны баршаға мәлім. Сөз арасында бұл жайтты не үшін қыстырдық? Айтайық...
Ел басына күн туған шақ. Еркек кіндіктілердің бәрі дерлік бақайшағына дейін қаруланған неміс фашистерінің екпінін басуға, аждаһаны шыққан ініне қайта тығуға көзсіз батылдықпен аттанып кеткен. Өмір бар жерде, тірлік бар. Тылдағы қауым ет жақындарының тілеуін тілеп, «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен оянып, сол ұранмен жастыққа бас қойған.
Отты жылдар білім алуға тосқауыл қоя алмады. Жанарларына келешекке деген сенім ұялаған әр шаңырақтың ұл-қыздары білімді теңізге, мектепті кемеге балап емін-еркін сауат ашуға бар ынталарын салды. Сол бір білуге ұмтылған өрендердің арасында Баймырза да болды. Ол 1941 жылы Арал қаласындағы Т.Щевченко атындағы орта мектепте оқып хат танитын дәрежеге жетті. Мектеп қабырғасындағы әр күні арманы асқақ шәкіртті үйренуге онан сайын құлшындырғанымен, қарт әке-шешеге қарау мойнында болған соң үлкендердің талап- тілегіне амалсыздан келісті.
Аралдың ақ алтынын шығарып, кеншілердің дамылсыз еңбегімен Одаққа танылған комбинатта 1944 жылы жұмысшы ретінде қабылданған бала Баймырзаны тұзшылар өздеріне тартты. Ата-анадан дарыған қасиет болса керек, іргелі ұжымға баласындай сіңіскен кейіпкеріміз өндірістің алға озуына, жұмыстың жүйелі жүруіне белсене араласып, қандай да бір артылған тапсырманың мінсіз орындалуына бар күшін жұмсады. Астың дәмін кіргізетін тұзды өңдеп, тұрғындар қажетіне жаратқан қауыммен бірге аталмыш саланың суығына тоңып, ыстығына күйген Баймырза үйренушіліктен бастап, кәнігі тұзшылардың сапына қосылды. Сенімге селкеу түсірмеген оның қабілет-қарымын салғаннан аңғарған комбинат басшылығы сан алуан істі жүктеп, бекет кезекшілігін де мойынға артты. Бұл жұмыстың қиындығы тіптен шаш етектен. Қателік кешірілмейді. Таңның атысы, күннің батысы жалауша ұстап, кезекшілікті қырағы қадағалау қажет. Бір уыс тұздың алтыннан қымбат екені баршаға мәлім. Осындайда ауыздан-ауызға тараған «алтынсыз өмір сүре алғаныңмен, тұзсыз өмір сүре алмайсың» деген тәмсіл еске түседі. Шынында да солай. Не бір жеңсік астың дәмін де, сәнін де кіргізетін осы бір қасиетті тұз екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жылдар жылжып, айлар алмасып жатты. Тепсе темір үзетін жігіт болып қалыптасқан Баймырза мұнан соң осы мекеменің жүк бөлімінде таразышы болып бекітіліп, бұл істе де сауаттылығымен әрі әділдігімен танылды.
Аралтұздай алпауыт мекеменің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан Баймырза бұдан кейін де маңызды бөлімдердің тізгінін ұстап, қажетті деген тұстарға қызметке қабылданды. Кекілбайдай әкенің, Анардай ананың тәлім-тәрбиесімен ержеткен жігіт ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Қамыққанның қасында, жабыққанның жанында жүрді. Артынша антқа адалдық танытып, азаматқа тән қайсарлықпен кеңес әскерінің құрамында Отан алдындағы борышын өтеп те қайтты. Сол туған жерден жырақ жүріп, шинелькиіп, қолға автомат ұстаған уақытта қолбасшылар берген әрбір бұйрықты мүлтіксіз орындап, қаруластарының сыйлысына айналды.
Бір шаңырақтағы көздің қарашығындай ұл өзі өскен өлкеге келген соң қаншама жан нәпаға тапқан "Аралтұз" мекемесінде еңбек жолын одан әрі жалғады. Жұмыс жасап жүріп, жастайынан армандаған мамандық бойынша біліктілігін шыңдай түсуді мақсат еткен ол көршілес Қазалы ауданындағы тарихы терең техникумда дәріс алып, есепші мамандығын еншіледі. Кассирлік қызметте де жаңылмады. Артынша коммуналдық қызметтің меңгерушісі, жергілікті жөндеу және техникалық жабдықтау бөлімшелерінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Одан бөлек, аталмыш кәсіпорынның директорының орынбасары қызметіне дейін жоғарылап, әркез жұмысшының жайын күйттеді.
Тұздан тау тұрғызған мекемеде есімі алтын әріппен қалған өнегелі өмір иесі қашанда жақсы істердің басында жүрді. Өмірлік тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, олардың да жауапкершілік жүгін жете білулерін айтудан жалықпады. Кенттегі би түсетін үйге айналған шаңырақтың иесі жұбайы Әдемі екеуі өсем деген ұлды, кетем деген қызды әлпештеп, олардың баянды болашақтарына даңғыл жол салды.

– «Әке–асқар тау». Перзент үшін аяулы әкенің орны қашанда бөлек. Әке дегенде нұрлы жанарымен мейірлене қарап, айналайын деп елжіреп тұратын Баймырза әкемнің тау тұлғасы есіме түседі. « Қуан сен, қуана бер, әкетайым. Мен сенің өміріңнің жалғасымын» деген ән шумақтарында айтылғандай, біз үшін әкенің бөлек. Отбасымызда бес бала тәлім-тәрбие алдық. Анамыз кесте тоқытты, әкеміз оқ жондырды. Ешкімнен кем қылмай өсіріп, бәріміздің мамандық алуымызға, қоғамнан өз орнымызды табуымызға жағдай жасады. Алтын құрсақты асыл анамыз өте көреген жан еді. Әкеміз екеуінің бір «әй» дескенін көрмей өстік. Балаларына темірқазықтай жол көрсетіп, бағдаршамдай бағыт берді. Алақандай ауылдағы күрмеулі мәселелердің шешімін табуға әкемнің ықпалы зор болатын. Өжеттік пен қайсарлықты әкемізге қарап бойға сіңірдік. Қыран құстай қырағы болуды үйретті, – деп әкесіне деген перзенттік ақ тілегін жеткізді.
«Дария – кеуде, тау -мүсін, қарттарым, аман-саумысың?» демекші, әр мекенде толымды тірлігімен танылған қариялар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі Жақсықылыштағы жүздің төріне шыққан Баймырза ақсақал. Оның кісілік келбеті, адами болмысы жерлестеріне аян. Кент әкімі Пазылбек Берсүгіров хабарласып, Наурыз мерекесі қарсаңында қазыналы қарияға сәлемдесіп, жайын біліп қайтатынын алға тартты. Сосын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі ретінде ауыл ардақтысына бірге баруға қолқа салды. Қуана келістім. Өйткені, ырымшыл халықтың баласымын. Өмір жолы ғибратқа толы адамның батасын алсақ, бір ғанибет емес пе деп шештім.
Бізді балаша мәз болған қария өзі күтіп алды. Ет пісірім уақыт әңгімелестік. Жадының мықтылығы тәнті етті. Жүріп өткен жолы көпке сабақ болатындай. Турашылдығымен осы күнге жеткен қадірлі жан бүгінгі таңда жерлестерінің тәу етер тұлғасына айналған. Сәлем бере барады, батасын алады. Ақылдасады, бағыттасады. Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше. Омырауы ордень-медальға толы қос ғасыр куәгерінің сөзінен аңғарғанымыз – еңбектің алысқа апаратындығы. Төгілген тер текке кетпеген көкеміздің сөздері де салмақты. Дәуірмен ілесе бүгінге қажыр-қайратымен жеткен жайсаң жанды күтіп-бағып, мәпелеп отырған ұлы Серік пен келіні Зейнегүлдің жайлы екені көрініп-ақ тұр. Әп-сәтте дастархан жайылып, әңгіме онан әрі қызды...
Бірін айтып, бірін кетті демеңіз. Қадірменді қарт Баймырза жайында оң пікір білдірушілердің қарасы қалың екені қандай адам болғаны айғақтаса керек. Денсаулық саласының ардагері Арғынбай Асанбаев төмендегіше өз ойын ортаға салады:
–Мен Баймырза ағаны жас кезімнен танимын. Қожастың екі баласы Байғара, Теке еншісінен айрылмаған ағайынды жігіттер екен. Баймырза ақсақалдың зердесі өте мықты. Бір көргенді, естігенді ұмытпайды. Халық алдында беделі өте жоғары. Кез келген жиналыста, отырыстарда елдік мәселелерді көтеріп, шешілу жолдарын меңзеп отыратыны тағы бар, – деп інілік тілегін білдірді.
Қызметтен бөлек, кезінде халық пен билік арасында алтын көпір орнатқан депутаттық мандатқа да үш рет лайық деп танылған Баймырза ақсақал тұрғындардың талап-тілегін бірінші кезекке қойған деседі көзкөргендер. Қанша мәрте Жақсықылыштың жайын көтеріп, өндіріс орнының қамын қаузаған ол өзін сайлаған халықтың алғысын арқалаған. Әдемі қартаю да – бір бақыт.
Өмір барда өлімнің болары қақ. Адамзат баласының пешенесіне жазылған тағдыр тәм-тұздың таусылар уақытын да белгілеп қояды. Баймырзадай қадірліміз өмірлік серігі Әдеміні осыдан тоғыз жыл бұрын қырға апарып, арулап көмді. Өсіп-өнген әулет шүкір десіп, артында қалған ұл-қыздар мен қамкөңіл әке сөнбес сәулелерінің есімін жүрек кестесіне тоқыды.
Бүгінде Баймырзадай мәуелі бәйтеректен тараған ұрпақ бір рулы елге айналған. Төрт қыз, үш ұлдан көрген 23 немере, 35 шөбере, 5 шөпшек ортасында елінің тыныштығын, жұртының амандығын тілеген қазыналы қария шаттық қонған шаңырақтың төрінде таудай болып отыр. Тәңірдің көзі түзу болғай.
Мақаланы түйіндеу тұста ұзақ жыл бірге әріптес атанып, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Арал ауданының құрметті азаматы, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қойбағар Аяқбаевтың Баймырза Жұбаниязовтың жүз жылдық тойына арнаған арнауында:
Жүз жылдық той деп жамағат,
Шақырған жұрттың бәрі бар.
Өткендерге салауат,
Шүкірлік деген тағы бар...
Елу жыл еңбек бір басқа,
Жастық шақтан басталған.
Мекеме биыл 100 жаста,
Басшы боп өзің басқарған.
Жеті ұл-қыздан
Немере шөбере, шөпшек 63.
Құдайым солай қалаған,
70 ұрпақ барлығы,
Ақсақалдан тараған.
Бәрі жоғары білімді,
Халық игілігіне жараған.
Жақсы атың тарап жан-жаққа,
Көріндің көзге сен дара.
Аудан, тіпті аймақта,
Тау тұлға, абыз сен ғана!
Бұл – елжанды, туған жерге шынайы жанашыр адамның өлеңмен өрілген өмірінің бағасы. Шынында да солай!
А.Жайшылық