"Толқынның" алғашқы фототілшісі
Ол кісі аяқ астындағы қыбырлаған құмырсқаны да басып кетпейін деп ақырын жүреді. Қашан көрсең де қалың ойға шомып аяңдап бара жатады. Байлықты бақыт деп білмейді. Өйткені бәзбіреулер сарыла аңсайтын бақыт – үйінде бар. Нақтысы, ол жас кезінде жүрегін Бақыт есімді аруға ұсынған еді. Міне, бүгінде бірі отағасы, бірі отанасы болып отыр.Аманкелді Өткелбаев ағамызбен журналистикадағы жол жолықтырды. Өзі білдей бұрынғы Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде журналистика факультетін бітірген. «Балықшыны балықшы алыстан таниды» емес пе? Аға-іні болып етене араласып, ақылын тыңдадым, кеңесін алдым. Қаламы жүйрік, сынай қалса, әй-шайға қарамайды. 
Үйіне барғанымда көп нәрсеге көзім жетті. Құдды бір архив дерсің. Газет те, кітап та жетерлік. Шығармашылық адамның шаңырағы дәл осылай құнды дүниелермен ерекшеленуі керек.
1946 жылы жарық дүние есігін ашқан айдынды Аралдың төл перзенті әлпештеген ата-анасының үкілі үмітіне айналды. Сағаттар сырғыды, уақыттар жылжыды. Ай артынан ай аунап, зымыран уақыт кейіпкерімізді мектепке апарып, ұстаздардан сапалы білім, саналы тәрбие алғызды.
Үлкен өмірге бағыт бұрған жалындай жас алғашқы еңбек жолын жуырда тоқсан бес жылдығын атап өтетін «Толқын» газетінде 1965-1968 жылдар аралығында фототілші болып бастады. Көргені де, түйгені деп көп ағамыздың сарғайған газет тігінділерінен таспалаған суреттері тарих ретінде қатталған. Артынша ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, туған жерге абыроймен оралды. Ауылшаруашылық саласының өркендеп тұрған тұсында Аманкелді көкеміз бұл салада да еңбек көрігін қыздырып, қай істі де асқан жауапкершілікпен тындыратынын дәлелдей алды. Қаламы қарымды, ойы озық азамат далада қалсын ба? Қоғам өміріне белсене араласқан Аманкелді Өткелбаев «Приарал» кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы ретінде сайланып, жұмысшылар мәселесін талай мінбеде көтерді. Журналистика саласынан алыстағанды көңілі қаламаған білікті маман 1977-1992 жылдары аудан айнасына баланған басылымда яғни, «Толқын» газетінде әдеби қызметкер болып қайта оралып, тілшілер қосынында төпелеп жазды, ойдың кенін қазды. 
Радио хабарларын ұйымдастырушы тілші, информация бөлімінің меңгерушісі атанып, жағалау жұртына үздіксіз жаңалық жеткізіп отырды. Бұл бір қиын кез еді. Кеңес Одағы тарап, «тұрымтай тұсына, балапан басына» кеткен шақ. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде кім-кімге де екі қолға бір күрек табу ауыр соқты. Алайда, қаламын қару етіп ұстаған Аманкелді ағамыз өткінші қиыншылыққа мойымады. Себебі, оның жазу өнеріне шығармашылық қарымына жіте таныс талайлар қолдады, демеді. 
Іске тиянақты, міндетке адал азамат мұнан соң «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы жанындағы «Асыл мұра» газетінің жауапты хатшысы қызметіне бекітіліп, өзін ойлы оқырмандарға таныта түсті. Алайда аталмыш редакцияда көп жүрмей оң жамбасына келетін ғылыми зерттеуді қолай көріп, Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері атанды. «Толқынның» тұңғыш фототілшісі осылайша жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, құнды жазбаларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жан-тәнімен кірісті. Саналы ғұмырында өзекті мәселелерді мақалаға арқау етіп, мемлекеттің оң саясатын жұртшылыққа жеткізген қаламгер музейден зейнетке шығып, қос саланың ардақтысына айналды. 
Ол бағы жанып, бас көтергенде емес, жаны ауырып, тас көтергенде жанынан табылған тілеулестердің қашанда риясыз пейілін оң бағалап, ешқашан ғибратты ғұмырында сүрінген мен бүлінгенді сөз етпеді. Кеудесі қазынаға толы Аманкелді Өткелбаев «Артымда қалар қолтаңбам», «Пятыйдың тұрғындары», «Арал тұнған сыр» атты кітаптарын жарыққа шығарып, оқырман олжасына айналдырғаны көпке мәлім. Сыр еліне есімі етене таныс Болат Омарәлиев сынды қаншама құнды кадрларды газет бетіне жүктеп, тақырыпқа арқау еткен жанның суреттеріне зер салсақ, өткен күнде белгі бар екенін ұғына түсеміз. Трактор тізгіндеген еңбек адамын, зауытта жұмыс жасап темірден түйін түйген жанды, сондай-ақ сушыны да, егіншіні де, тұзшыны да, балықшыны да фотоға түсіріп, газет бетіне насихаттауға ерекше үлес қосқан ағамыз қазіргі таңда өлшеусіз еңбегінің жемісін көруде.
Санаулы күндерден соң «Толқынның» 95 жылдығы салтанат құрады. Мерейтойда осындай еңбекқор асыл жандардың еңбегінің ескерілгені біз үшін мәртебе.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
		





		
		



