Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айберген Шакенов: халыққа қызмет ету – әкемнен көрген тәрбие

Айберген Шакенов: халыққа қызмет ету – әкемнен көрген тәрбие

Мамандықтың жаманы жоқ, тек әрбір жан өзінің жүрегі қалаған кәсібін таба білуі керек. Сонда ғана ол маманның еңбегі жанып, кәсібінен береке таппақ. Аудандағы №3 мамандандырылған өр сөндіру бөлімінің өрт сөндіру машиналарын жүргізу жөніндегі аға нұсқаушысы, азаматтық қорғау аға сержанты Айберген Шакенов өз мамандығы жөнінде осындай пікірде. Осы ретте өрт сөндіруші әкесінен үлгі алып, жолын қуған құтқарушы азаматпен шағын сұхбат жүргізген едік.
– Сәлеметсіз бе! Сұхбатымыздың басында өзіңізбен танысып өтсек. Өзіңіз Арал қаласының тумасысыз ба, отбасыңыз туралы айтсаңыз...
– Өзім 1995 жылы 19 қаңтарда Арал қаласында дүниеге келгем. Қазіргі таңда да осы қалада тұрамын. 2002-2013 жылдар аралығында қаладағы №220 орта мектебінде білім алдым. Жоғарғы оқу орнын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 2013-2017 жылдары «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша бітіргенмін.
Отбасымда 90 жасқа қараған үлкен атам бар. Одан кейін әкем Садуақасов Сақыбай Шәкенұлы. Өрт сөндіру қызметімен әлі де айналысып келеді. Анам Қашақбаева Айгүл Нұрқожақызы, қазір үйде, ардақты ене, аяулы ана. Үлкен әпкем Шәкенова Рысты Сақыбайқызы Қызылорда қаласында тұрмыста. Ал інім Шәкенов Бағдаулет Сақыбайұлы 2005 жылғы, Ақтөбе қаласында М.Оспанов атындағы медицина академиядысында 1 курс студенті.
Өзім отбасылы жанмын. Келіншегім Қуантқанова Жансәуле Әбілсейітқызы Байтұрсынов емханасында медбике болып жұмыс істейді. Балаларым – Сақыбай Жанайым Айбергенқызы және егіздер Сақыбай Айдамир Айбергенұлы, Сақыбай Айдидар Айбергенұлы. Үлкен және бақытты отбасымыз.
– Рақмет. Енді осы өрт сөндіруші ретінде кәсібіңізге тоқталсақ. Жаңа өзіңіз айтқандай, әкеңіз де осы жолда қызмет еткен екен. Ол кісінің ықпалы болды ма?
– Әрине, кімге де болса отбасының, әсіресе ер балаға әкесінің ықпалы өте қатты болады. Мен де кішкентайымнан әкемнің өрт сөндіруші формасында жүргенін көріп, балалық көңіліммен өрт сөндіруші болуды армандағанмын. Мектеп бітіріп, мамандық таңдар кезде де көп ойланбай осы жолды таңдадым. Көңілімнің қалауы осы болып, оқу бітірген жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысқа тұрдым. Бұл жолға келуіме қолдау білдірген отбасыма, оның ішінде әкемнің берген тәрбиесі үшін рақметімді айтамын.
– Әке жолы – ұлына мақтаныш демекші, әкеңіздің осы жолда істеген ерен еңбегі туралы айтып өтсеңіз...
– Әкем Садуақасов Сақыбай Шәкенұлы еңбек жолын Арал аудандық №3 кәсіптік өрт сөндіру бөліміне 1990 жылы өрт сөндіруші қызметінде бастаған. 1991-1994 жылдары инструктор-нұсқаушы, бөлімше командирі, күзет бастығы секілді түрлі жұмыстар істеп, сол жылдан бастап 1996 жылға дейін Арал аудандық №3-ші кәсіптік өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметіне ауысады. Кейін 1996-1998 жылдар аралығында күзет бастығы, 2005 жылға дейін әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист және күзет бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап Қазақстан-Қытаймұнай құбырына қарасты ЖШС «Семсер Өрт сөндіру бөлімі» бастығы қызметінде.
– Осы сәтте жалпы бұл мамандықтың қиындығы мен қызығы туралы сұрасам...
– Негізгі ісіміз адам өмірін аман алып қалу мен өртті ауыздықтау болғандықтан кейде қиын жағдайға қалып жататын кезіміз болады. Бұл салада тәртіп те бар, тазалық та бар, сонымен қатар психологиялық және физикалық дайындық та болу қажет. Сондықтан кәсіби біліктілікті арттыру үшін үнемі сабақтар мен оқу жаттығулар да қатар жүреді.
Қорқыныш сезімі де әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Себебі өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Кезекшілікке бірнеше адам қатар түседі. Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда өзім үшін де, жанымдағы дос азаматтар үшін де қорқыныш сезімі болады. Өртті сөндіру барысын қадағалау, барлық жағдайды бақылап отыру және де сол хабарды орталыққа уақытылы жеткізіп отыру өте маңызды. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн.
– Иә, қандай істің де оңайы жоқ. Ал осы жұмыста жүрген кезіңізден есте қалған қызықты сәттер болды ма?
– Қызылорда қаласында жарыста жүрген болатынмын. Ұмытпасам, қазан  айының 10-15-і аралығы болу керек. Келіншегімнің қызыма аяғы ауыр, айы-күні жетіп отыр. Хабарласқанда «босанып қалатын шығармын» деген, ал мен «19 Қазан – Құтқарушылар күні», менің мейрамыма сыйлық жаса» деп әзілдей салғанмын. Айтқандай-ақ, 19 қазанда әке атандым.
Кейінгі балаларым дүниеге келгенде де кезекшілікте болып, ертеңіне ғана босаған болатынмын.
– Қазіргі таңда сіз Арал қаласынан Батыс аймаққа көмекші-құтқарушы ретінде аттанған екенсіз. Ол жақта жағдай қалай болып жатыр?
– Арал қаласынан 1 сәуірде шықтық. Ақтөбеде 1 апта, Қостанайда 1 апта болып, Орал қаласына бардық. Бірнеше күн бұрын Атырау аймағына көшірілдік. Мұнда жалпы жағдайымыз жақсы. Бұл жақта басты міндетіміз – су басқан аумақтардағы адамдарды, жан-жануарларды эвакуациялау. Және суларға бөгет дамбалар салу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қолдан келгенше апаттың алдын алуға бар күшімізді салып жатырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Міндеттелген жұмысты абыроймен атқарып, аман-есен келулеріңізді тілеймін!

Сұхбаттасқан: Г. САҚТАПОВА

28 сәуір 2024 ж. 3 256 0