Сапаркүл Нұралиева: Өнер – ұлт байлығы

– Мәдениет – өткеннің ізі, бүгіннің айнасы, болашақтың шамшырағы. Қазақтың ұлы ойшылдары да оның ұлт болмысын қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өткен. Жүсіп Баласағұнның «Мәдениетсіз ел – тұл, өнерсіз өмір – шөл» деген әдемі сөзі бар. Арал қалалық мәдениет үйі осы асыл құндылықтарды сақтау және дамыту жолында қандай жобаларды жүзеге асырып келеді? Руханияттың өркендеуі үшін қандай жаңа бастамалар қолға алынуда?
– Зейнолла Шүкіров атындағы Арал қалалық мәдениет үйі – өңіріміздің рухани өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өнер ордасы. Сан жылдар бойы бұл шаңырақ талай таланттың қанатын қатайтып, шығармашылықтың шырағын жағуда. Мұнда өнерсүйер қауым үшін түрлі үйірмелер мен ансамбльдер жұмыс істеп, жас буын мен аға буынды бір арнада тоғыстырып келеді.
Атап айтсақ, М.Сыдықов атындағы домбыра үйірмесі – қазақтың ұлттық аспабын дәріптеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаудың жарқын үлгісі. Бұл үйірмеге қатысатын балалар асыл мұрамыздың қыр-сырын меңгеріп, күйдің құдіретін сезінуде. Шәкірттеріміз түрлі байқаулар мен концерттерге қатысып, өз өнерлерін ортаға салуда.
Ал «Ару-Ана» әжелер ансамблі – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Өнерге деген сүйіспеншіліктері арқылы әжелеріміз халық әндері мен дәстүрлі музыканы жаңғыртып, әртүрлі мәдени шаралардың сәнін келтіріп жүр. Олар – рухани сақшылар.
Сонымен қатар, мәдениет үйінде М.Нұрмағамбетованың жетекшілігімен құрылған «Ұлағат» аспапты ардагерлер ансамблі белсенді жұмыс істеп келеді. Өнерге өмірін арнаған ардагерлеріміз осы ансамбль арқылы өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөлісуде. Олардың орындауындағы шығармалар тыңдарман жүрегінен ерекше орын алады.
– Өнер – ұлттың жаны. «Өмір – театр» дегендей, әрбір қойылым, мәдени шара – көрерменнің жүрегіне жол табатын ерекше әлем. Сіз үшін өнер мен мәдениеттің мәні неде? Көркемдік жетекші ретінде шығармашылықтың терең сырын ашуда қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілер күн санап дамып, өнер сүйер қауымның талғамы да өзгеріп келеді. Қойылымдар мен концерттер арқылы көрермен жинау оңай шаруа емес. Осы орайда мәдениет үйі заман ағымынан қалыспай, жастар мен жасөспірімдердің көңілінен шығатын тың дүниелерді сахналауға, жаңа форматтағы жобаларды жүзеге асыруға бар күшін салуда.
Музыка үйірмесіне қатысатын балалар көбінесе жеңіл, көңілді ырғақты өлеңге құмар. Сондықтан олардың да талғамын ескеріп, түрлі бағытты талдап көруге тырысамыз. Дәстүрлі және заманауи әндерді үйлестіре отырып, жас орындаушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру – біздің басты міндетіміз. Бұл арқылы олар шығармашылық қарым-қабілеттерін дамытады.
– Адамның жаны мен жүрегінің ең нәзік пернелерін шерте білетін сиқырлы күш те осы өнер деп білеміз.Қазақ халқының сан ғасырлық мәдени мұрасы – әні мен күйі, биі, әдебиеті мен қолөнері. Қалалық мәдениет үйінде осы ізді жалғаған дарынды жастарды қолдау, жаңа таланттарды табу мақсатында жоба бар ма?
– Қалалық мәдениет үйі дарынды жастарды қолдау ісін әрдайым назарда ұстайды. Болашағынан үміт күттіретін өнерпаздардың қабілетін шыңдау үшін түрлі бастамалар бар. Мекеме басшысының қолдауымен жақын уақытта «Қуыршақ» театрының шымылдығын түріп, кішкентай көрермендерге қойылымдар ұсыну жоспарда бар.
Бүгінгі таңда мәдениет үйінде бес түрлі үйірме жұмыс істейді. Олар – домбыра, үгіт бригада, драма, кино және ән өнері. Әр үйірмеге өз ісінің нағыз мамандары жетекшілік етіп, 5-7 жас аралығындағы балаларды өнерге баулуда.
Өнерпаз балалардың шабытын шыңдау мақсатында арнайы «Айналайын» балалар өнер фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл фестиваль – тек таланттардың басын қосатын шара ғана емес, жас дарындардың сахнада шыңдалуына, шеберліктерін көрсетуіне жол ашатын ерекше мереке. Шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, аудан мерейін асырып келеді.
– Адам жанының сұлулығы өнерді танып-білумен, оны сезіне алуымен өлшенеді. Осы тұста бүгінгі таңда қала тұрғындарының мәдени іс-шараларға деген қызығушылығы жөнінде не айтасыз...
– Қазіргі таңда көрермен талғамы жоғары, олар сапалы әрі мазмұнды өнер туындыларын күтеді. Соған қарамастан, мәдени іс-шараларды тамашалауға құмар жандардың қатары сиреген емес.
Өнер – жан дүниенің тыныштығы мен ләззат алар мекені. Бір сәтке күйбең тіршіліктің қарбаласынан қол босатып, өнердің сырлы әлеміне үңілу – жан рақаты. Сондықтан да біз көрермендерімізді ұйымдастырылып жатқан концерттер мен қойылымдардан қалыс қалмауға шақырамыз.
– Дәстүр – ғасырлар бойы сақталған рухани қазына болса, мәдениет саласының қызметкері – сол қазынаны бүгінгі ұрпаққа жеткізетін алтын көпір.Бүгінде заманауи мәдениет пен ұлттық дәстүр үйлесім табуы тиіс деген пікір көп айтылады. Сіздің ойыңызша, осы екі бағытты қатар алып жүру қаншалықты маңызды? Ұжымның ұйымдастыруымен ел ағалары мен асыл аналармен дәстүрлі кездесулер болып тұра ма?
– Өнер – халықтың жаны, ғасырлар куә болған рухани қазынасы. Қай заманда болсын, оның сан алуан саласы адамзаттың өміріне терең мән-мағына берді. Бірақ осының ішінде шоқтығы биік, жүрекке ең жақыны – ұлттық өнер. Себебі ол – тарихпен, мәдениетпен, салт-дәстүрмен біте қайнасқан асыл мұра.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде заманауи мәдениет пен ұлттық өнердің арасы бір-бірінен алшақтап бара жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде, екеуін үндестіре отырып, ұштастыруға әбден болады. Тек басты құндылық ретінде екеуін негізге алып, соның төңірегінде өрбіткен жөн. Бұл – қазақилықты ұрпақ санасында жаңғыртып, оны жаңа заманның талабына сай бейімдеудің ең ұтымды жолы.
Осы орайда, ауданда түрлі игі шаралар ұйымдастырылып, әр салада қызмет етіп жүрген азаматтармен мән-мағыналы кездесулер өткізіліп келеді. Соның айқын дәлелі – «Жаныңда жүр жақсы адам». Бұл шарада әртүрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтармен жүздесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен еңбегі туралы сыр шертіледі. Өнегелі ғұмыр кешіп, ел үшін аянбай тер төккен жандардың тағдыр жолы – кейінгі буынға үлгі болып, олардың жүрегіне шынайы еңбек пен адамгершілік құндылықтарын сіңіруге ықпал етті.
Сондай-ақ, елдің тазалығы мен көркеюі жолында маңдай терін төгіп жүрген азаматтарымызға арналған «Маңдай тердің мерейі» атты кең көлемді кеш те ұйымдастырылды. Бұл кеш – қарапайым еңбектің қадірін ұғындырып, қоғамдағы әрбір адал кәсіп иесінің құрметке лайық екенін дәлелдеген тағылымды шараға айналды.
Шын мәнінде, өнер мен еңбек – егіз ұғым. Өнер – адамның рухани байлығы болса, еңбек – сол байлықты сомдаушы күш. Осы екі ұғым үйлесім тапқанда, нағыз ұлттық болмыс қалыптасады. Сондықтан ұлттық өнерді дәріптеу, еңбек адамын құрметтеу – біздің басты міндетіміз. Өйткені халқымыздың дара болмысы, қайталанбас мәдениеті мен еңбектегі табандылығы – ұлтымыздың ең асыл қазынасы.
– Театр қойылымдары, концерттер, әдеби-мәдени кештер көрерменге рухани нәр беретін ерекше шаралар дейміз. Жақында ғана облыс орталығынан «Жастар» театры жерлесіміз Зейнолла Шүкіровтің туған күніне орай, арнайы келіп, қойылым қойған болатын. Ол туралы пікіріңіз қандай? Халық арасында ақын шығармашылығы лайықты бағаланды ма?
– Өнер – адам жанының шөлін қандырып, жүрекке жылу сыйлайтын, өмірге деген көзқарасты тереңдетіп, ойға ой қосатын құдірет. Оның себебі – шынайылық пен шеберлікте, көркемдік пен тазалықта. Жақында тамашалаған «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» спектаклі арқылы сахна өнерінің айрықша қасиетіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Белгілі қаламгер Т.Абылаевтың сценарийімен жазылып, талантты режиссер О.Нұрмахановтың сахналауымен көрерменге жол тартқан бұл қойылым – шынайылық бояуы бар, адам рухының терең сырларына үңіле білген туынды. Спектакль басталған сәттен-ақ көрермендер көз алдына тіршіліктің сан түрлі құбылыстарын, адам тағдырының алмағайып сәттерін, махаббат пен сағынышты, қимастық пен өкініш қатар өрілген оқиға желісін ұсынды.
Әсіресе, жас актерлердің образды ашудағы шеберлігіне ерекше тәнті болдық. Олар сомдаған әрбір кейіпкер – өмірден ойып алынған бейнелер, қасиетті Арал топырағынан нәр алған тағдырлар. Олардың қуанышы мен мұңы, үміті мен өкініші шынайы берілгені соншалық, көрерменнің жүрегін тербеп, көзге еріксіз жас үйірді.
Көрермендердің ыстық ықыласпен тамашалап, өнерге деген зор сүйіспеншілікпен құрмет көркеткені қуантты. Әсіресе, залға жиналған орта буын жастарының қарасы көп болды. Бұл – саналы, мәдениетті ұрпақ өсіп келе жатқанының белгісі.
Осы кештен кейін бір ой түйдік: Зейнолла атамыздың шығармашылығы – мәңгілік мұра. Осындай тамаша спектакльдер арқылы оның шығармалары жаңа тыныс алып, оқырманмен қайта қауыша беретініне сенім мол.
– Нағыз шығармашылық иесі үшін өнер – тек кәсіп емес, өмір мәні. Сіз шабытты қайдан аласыз? Өнер жолында кездескен қиындықты еңсеруге не көмектеседі?
– Біздің жұмысымыз – қиындығы мен қызығы қатар өрілген, талай ізденісті талап ететін қасиетті жол. Өнер саласында жүргеніме де отыз жылдан асыпты. Кеше ғана үлкендердің ізін басып, тәлімін алып, ерек әлемнің есігін именіп ашқан балаң шәкірт едік. Енді, міне, өзіміз де кейінгі толқынды жетелеп, білгенімізді үйретіп, киелі мұраны келер ұрпаққа аманаттап келе жатқан жайымыз бар.
Өнердің шын бағасын білетін жандар жаныңнан табылып, қолдау көрсетсе, ал шәкірттерің талантымен, еңбегімен биіктерден көрініп жатса – одан артық шабыт бар ма?! Жан-тәніңмен сүйген ісіңнің жемісін көру, қанаты қатайған жас өнерпаздардың шыңдала түскенін сезіну – бұл нағыз бақыт.
Бүгінгі күнге дейін талай белестен өттік. Қиындықсыз жол болмайтыны белгілі. Әсіресе, карантин кезеңінде сан түрлі шектеулерге қарамастан, жоқтан бар жасап, өнердің отын сөндірмеуге тырыстық. Өйткені ол – тоқтауды білмейтін мәңгілік құбылыс, оны ешқандай қиындық тұсаулай алмайды. Шынайы жанашырлардың жанкешті еңбегінің арқасында біз бұл сынақтан сүрінбей өттік. Ұжым болып, білек сыбана еңбек етіп, рухани кештер ұйымдастырып, халықтың еңсесін көтеруге тырыстық.
Өнер – жалғыздың жолы емес. Ол – ортақ мұра, тұтас ұлттың байлығы. Сондықтан біз бір-бірімізді етектен тартпай, керісінше, қолдау көрсетіп, жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бірігіп істеген істің берекесі бар. Талантты танып, оны дамытуға жағдай жасау – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Егер өнер адамына қолдау болса, қандай қиындық болса да, жеңіп шығуға болады.
– Өзіңіз айтқандай, өнер – сан қырлы, қиындығы мен қызығы көп жол. Кез келген шығармашылық ортада өзіндік кедергі болатыны да рас. Осы орайда, қала мәдениетінің дамуына не кедергі деп ойлайсыз?Жалпы қазақ мәдени өмірін әлемдік деңгейде таныла түсуі үшін қандай нақты қадамдар жасалуы тиіс...
– Мәдениетке қолдау көрсетіп, дамуына жағдай жасау – кез келген қоғамның басты міндеті. Құдайға шүкір, қазір бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, өнерге шын берілген жандар үшін мүмкіндік молайып келеді. «Өнерімді дамытам, шәкірт тәрбиелеймін, ұлттық мәдениетке үлесімді қосамын» деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Тек ізденіс пен еңбекке адалдық, ауызбіршілік пен ынтымақ қажет.
Шынайы өнердің тамыры тереңде, ал болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан қабілетті баланың талантын ашуда ең бірінші ата-ананың қолдауы маңызды. Бала бойындағы дарынды байқап, оны дұрыс бағыттай білу – үлкен көрегендік. Қанша жерден талабы болса да, егер демеу көрсетілмесе, ол өз мүмкіндігін толықтай жүзеге асыра алмайды. Шәкірт тәрбиелеу барысында біз мұны талай рет көрдік.
Жылдар бойы тәлім беріп келе жатқан шәкірттеріміздің әр жетістігі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қанаты қатайған дарындардың үлкен сахнаға қадам басуы, өнер бәйгелерінде топ жаруы, көрерменнің қошеметіне бөленуі – барлығымыз үшін зор қуаныш. Бір жанның биікке көтерілуі – тек ұстаздың ғана емес, оны қолдаған ата-ана мен қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі.
Егер біз жастарға жол ашып, олардың өркендеуіне жағдай жасасақ, ұлттық мәдениетіміздің жұлдызы ешқашан сөнбейді. Бірлігі жарасқан жұрттың өнері өрлейді. Сондықтан ауызбіршілік, ынтымақ, қолдау – мәдениетіміздің дамуына үлес қосатын ең басты құндылықтар.
– Заманауи қоғамда барлық ұйымның рөлі күн санап өзгеріп келеді. Жақында Көркемдік кеңес құрылып, әдебиет, мәдениет, өнер саласына үлкен мән берілуі де бекер емес. Сіздің бұл үрдіс туралы пікіріңіз қандай? Өнер мен мәдениеттің болашағын қалай елестетесіз?
– Көркемдік кеңестің құрылғанын естіп, шын қуанып отырмын. Бұл – сахна мәдениетін көтеріп, өнердің сапасын арттыратын, шығармашылық иелерін бір арнаға тоғыстыратын игі бастама.
Көркемдік кеңесте көтерілген әрбір ой, айтылған пікір жерде қалмай, нақты іске асуы керек. Себебі өнерге деген жанашырлық – тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрінгенде ғана шынайы нәтиже береді. Қасиетті Аралдың таланттары барда, олардың өршіл рухы қолдау тапса, атағы аспандайтын күн де алыс емес. Бұл жердің топырағынан түлеп ұшқан небір дарабоз өнер иелері әлемге танылды, енді сол сара жолды жалғастырар кейінгі буынға қолдау көрсету керек.
Сахна – сиқырлы әлем. Ол көрерменге сұлулық сыйлайды. Бірақ сол сәттілік пен сұлулықтың артында қаншама адамның маңдай тері, еселі еңбегі жатыр. Бір ғана спектакль, концерт қойылымының жүзеге асуы үшін тек сахнадағы әртістер ғана емес, сахна сыртында жүздеген маман тынбай еңбек етеді. Олардың бірі жарық пен дыбысты реттесе, енді бірі декорация дайындайды, бірі костюм тігеді, енді бірі сахнаның көркемдік безендірілуіне жауапты болады. Әрқайсысының еңбегі – шығармашылықтың ажырамас бөлігі.
Сондықтан өнерді бағалаған кезде, сахнадағы жарқыраған жұлдыздарды ғана емес, солардың шамын жаққан адамдарды да ұмытпауымыз керек. Олардың тынымсыз еңбегі мен адалдығы болмаса, шынайы, әсерлі, әдемі дүние жасалмас еді.
– Алдағы уақытта көрермендерді қандай ерекше мәдени шаралар мен тосын сыйлар күтіп тұр?
– Көпшілік үшін концерттер мен қойылымдар дайын өнім болып қана көрінеді, ал оның артында қаншама адамның ерен еңбегі жатқанын екінің бірі біле бермейді. Мәдениет саласының жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ халықтың рухын көтеретін ұлы еңбек. Сахнадағы бір үшін сағаттап, тіпті күндеп дайындық жасаймыз.
Сондықтан әзірге жоспарымызды уақыт еншісіне қалдыруды жөн көремін. Сүзгіден өтіп, піскен дүние ғана халық жадында қалмақ. Барлық қуанышты жаңалықты өз кезегінде сүйіншілеп айтқан жөн-ау.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңызға шалқар шабыт тілеймін!
Гүлмарал САҚТАПОВА