Фариза БЕКТАСҚЫЗЫ: ДАРХАН МЕКЕН МЕН БАРХАН ҚҰМДАРДЫ КӨРУГЕ КЕЛЕДІ

– Фариза Бектасқызы, жалпы туризм саласына келу жолыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз...
– Менің бастапқы мамандығым – аудармашы-референт, сонымен қатар шет тілі пәнінің мұғалімімін. Мектеп оқып жүрген кезде аудандық Оқушылар үйіндегі «Жас эколог» үйірмесіне бес жыл қатысып, еріктілік пен қоршаған ортамен байланыс туралы алғашқы түсінігім қалыптасты. Үйірме жетекшім Қанағат Махамбетова апай болатын. Алайда туризм саласына қалай келіп қалғаным өзіме де қызық. Бүгінде мен үшін туризмнің ең басты құндылығы – ол адамға тарихты, ұлттық мұраларымызды және табиғатты қадірлеуді үйрететіні. Тарихқа деген қызығушылығым бір жыл бұрын оянды – инстаграм желісіндегі стористарымда тарихи мәліметтермен бөлісе бастадым. Шетелдіктермен жасаған турларымды хикая түрінде видеоларға түсіре бастадым, инстаграм мен тиктокта көп қаралым жинаған соң өзіме ұнайтын істің көпшілікке де ұнайтынын түсіндім. Сол сәттен бастап, бұл салаға бір үлесімді қоссам деген ойым нақты мақсатқа айналды. Бүгінде сол хоббиім кәсіби қызметке ұласты. Туризм – іш пыстырарлық жұмыс емес. Адам жаңа ортада, жаңа жерлерде жұмыс істей жүріп, өзінің тұлғалық деңгейін де дамытады. Өңіріміздің экономикасын ілгерілетіп, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынатын идеяларды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету керек деп есептеймін.
– Туризм саласындағы соңғы трендтерді қалай қадағалайсыз?
– Негізінен әлеуметтік желілер мен заманауи платформалар арқылы бақылап отырамын. Әсіресе Instagram, TikTok, YouTube секілді желілердегі саяхатшылардың бағыттары мен туристік инфлюенсерлердің мазмұны арқылы жаңа үрдістерге қанығып отыруға болады. Сонымен қатар, өңірімізге келген шетелдік туристердің сұранысы мен мінез-құлқын зерттеп-зерделеу арқылы да белгілі бір бағыттардың өзектілігін аңғарамыз. Алдағы уақытта халықаралық туристік форумдар мен көрмелерге қатысқым келеді.
– Аудандағы туризм саласының даму деңгейі туралы айтып өтсеңіз... Биыл жыл басынан бері қанша турист өңірімізде қонақ болды?
– 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданымызға 5 мыңға жуық ішкі турист пен 400-ден астам шетелдік мейман келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға артқанын көрсетеді. Баршаңызға мәлім, жуырда Арал қаласында Қазақстандағы алғашқы геопарк – «GEOPARK ARAL» сапар орталығы өз жұмысын бастады. Бұл – киелі мекеніміздің табиғи, тарихи және мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға серпін беретін маңызды бастама. Геопаркпен де тығыз байланыстамын және осы сапар орталығы арқылы өңірімізге келуші туристер саны артады деп сенемін. Геопарктің бағыттарымен танысып, ерекше әсер алып жатқан шетелдіктер легі көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде өңір туризмінің дамуына тың серпін береді.
Осы жылғы келушілердің басым бөлігі Ақеспе ауылындағы ыстық бұлақ, шыңдар, көне ауыл мен бархан құмдарын тамашалауға келеді. Сондай-ақ, балықшылардың өмірімен танысып, қайықпен теңізге шығып көргісі келетіндер үшін Тастүбек ауылына сапар шегу қызықты.
– Сырттан келген меймандардың теңізді өлкеге деген көзқарасы туралы қысқаша айтсаңыз...
– Шетелдік қонақтармен болған кері байланыс біз үшін аса маңызды. Көбісі ризашылықтарын білдіріп, айрықша әсер алғандарын айтып жатады. Әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған Арал теңізінің тарихы олар үшін ерекше қызық. Демек, тарих – біздің басты артықшылығымыздың бірі.
– Алдағы уақытта осы аудандағы туризм саласын дамыту бағытында қандай жұмыстар жоспарлануда?
– Туризмді дамыту – болашаққа салынған инвестиция. Алдағы уақытта туризм саласын дамыту бағытында жоспарлар өте көп. Әсіресе ішкі туризмді жандандыру аса маңызды деп есептеймін. Себебі кейде шетелді айтпағанда, өзіміздің өңірде орналасқан тарихи, киелі жерлерді толық танып-білмейтін жерлестеріміз аз емес. Сондықтан осы бағытта арнайы гидтер мектебін немесе жас тарихшылар мен өлкетанушылар ортасын құруды жоспарлап жүрмін. Бұл бастамалар уақыт еншісінде жүзеге асады деп сенемін.
Келушілердің сұранысы бір-біріне қайшы келген жағдайлар көп есімде жоқ. Алайда қандай да бір шешім қабылдау қажет болса, ең алдымен тиімділікті басшылыққа аламын. Яғни барлық тарапқа ұзақ мерзімді оң нәтиже беретін жолды іздеймін. Бұл тәсіл кәсіби этиканы сақтап, сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
– Рақмет!
Әңгімелескен Айсауле НҰРЛАНОВА