Нұрмұхамет БОХАЕВ: Туризм – табысқа жетудің тиімді тетігі

– Туризм кейбір елдерде – басты асыраушы сала. Аралды да әлем таниды десек болады. Турист тартып, табыс табудың тетігін таба алдыңыздар ма?
– Салада серпін бар деп нақты айта аламын. Мәселен 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірге 5 мыңға жуық ішкі турист және 400-ден астам шетелдік турист келді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға жоғары.
Бүгінде қала мен ауылдарда 18 қонақ үй, 6 туристік нысан бар. Нақтырақ айтсам, Қамыстыбас көлі жағажайы, Ақеспе ыстық су бұрқағы, Шижаға құмдары, Көкарал бөгеті, Арыстан баб кесенесі, Бегім ана кесенесі және 50-ден астам қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетуде.
Биыл Аралда бірнеше халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтті. Мамыр айында «Геопарк Арал – өңірдің өсу нүктесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркиядан барлығы 43 сарапшы қатысты. Конференция нәтижесінде қарар қабылданып, трансшекаралық геопарк құру және туристік операторлармен әріптестік жөнінде екі меморандумға қол қойылды.
Тамыз айында «ГеоАрал-2025» халықаралық кешенді экспедициясы өткізілді. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясы, Башқұртстан Республикасынан барлығы 12 ғалым мен сарапшы қатысты. Олар 850 шақырымдық маршрутты жүріп өтіп, 15 табиғи-геологиялық және мәдени нысанды зерттеді.
Сондай-ақ 30 тамыз – 12 қыркүйек аралығында Арал экологиясына арналған халықаралық ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Оған Қазақстан, Қытай және Германиядан барлығы 20 ғалым қатысты.
Экспедиция барысында 12 нысан бойынша деректер жинақталып, биоәртүрлілікті сақтау мен экожүйелерді қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Бұл жұмыстардың барлығы Арал өңірінің халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
– Киелі, шұрайлы, көркем мекендерді насихаттау жағы солғын болып тұрған жоқ па?
– Өңірдегі туристік нысандарды кең көлемде ақпараттандыру үшін маусым айынан бастап «Арал туризм» Youtube каналы, «Travel to Aral» инстаграм және TikTok парақшасы ашылып, жұмыс істеуде. Қазір әлеуметтік желідегі парақшаларда тіркелушілер саны 5 мыңнан асса, қаралым саны 10 мыңға жетіп отыр. Алдағы уақтта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз.
Геопарк Арал жобасы аясында туристік әлеуеті зор бірнеше нысанның үш тілде толық ақпараты енгізілген QR-код тақтайшалары орналастырылды. Алдағы уақытта ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, туристік және киелі орындар туралы осындай ақпараттық тақтайшалардың санын арттыру қажет.
– Инфрақұрылымдық әлеуеті дамыған елдердің туризімі де жолға қойылған. Ал біздегі жай қалай?– Қазір өңірдің туристік имиджін арттыруға, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға бағытталған 2026 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Аталған жоспар 9 бөлім, 88 тармақтан тұрады. Бұл жоспар туризмді дамытудың нақты басым бағыттарын қамтып, өңірдің табиғи-географиялық ерекшеліктерін, тарихи-мәдени мұрасын және инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдалануға негізделген. Сондай-ақ, осы тұста алдағы атқарылатынжұмыстарға да тоқтала кетейін.
Бүгінде Қамбаш көлі аудандағы бірден-бір туристік нысанға айналды. Жылдан жылға келушілер саны артып келеді. Осы орайда Аққұмшық жағажайына дейінгі жолды асфальттау және жағажай аумағында автотұрақ орнын ұйымдастыру, қызмет көрсету орындары мен бейнебақылау камераларының санын көбейту мәселелері басты назарда.
Сонымен қатар, облыс әкімімен бекітілген қаулыға сәйкес «Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлер қатарына «Аққұмшық» демалыс аймағы ресми түрде енгізілді. Осыған орай, кәсіпкерлерден талапқа сай қажетті қызмет көрсету орталықтарының болуы қатаң талап етіледі. Мұнымен қоса, Қамбаш көлінің имидждік әлеуетін көтеру, брендтік атауын дамыту мақсатында суға шомылу маусымының ашылу рәсімінде заманауи үрдісте дәстүрлі түрде арнайы фестиваль ұйымдастыруды ұсынамын.
Сонымен қатар, Жолдауда айтылған «Сексеуіл-Базой-Бейнеу» автокөлік жолының ауданымыздың туристік әлеуетіне тигізер әсері зор. Теңіздің құрғаған ұлтаны мен халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке арнап қойылған белгі орналасқан Беларан төбе аумағы, Ақеспе су бұрқағы, Бутаков шыңы туристер қызығушылығын арттыруда. Жобада жол бойында орналасқан көрікті жерлерге жол жиегіндегі уақытша аялдау қалтасы, көлеңкелі орындар, қоқыс жәшіктері, ақпараттық стендтер, жол белгілері, дәретхана, навигация жүйесін орнату ұсынылады.
Туристік нысандарды насихаттау мақсатында сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының атқарар рөлі зор. Бұл ретте Батыс Қытай-Батыс Еуропа автожолы бойына Сексеуіл кентіне бұрылар тұсынан 2 жерге, Аққұм ауылдық округінің тұсына, Арал қаласына 2 жерге, Аралқұм, Қамыстыбас ауылдық округтерінің және Арыстан Баб кесенесінің тұсына 3х6 көлемде тақырыптық билборд орналастыру ойда бар.
– «Жол мәселесіне келгенде алдымыздан үлкен кедергілер шығады» деген демалушыларды көрдім. Жолдың жайын жүрген білер деген рас... Нысаналы орынға соқпаққа соқпай, балшыққа батпай, шаң жұтпай жетуге жұмыс істеліп жатыр ма?
– Иә, мысалы Көкарал бөгеті ауданға келетін туристтердің басым көпшілігі қызуғышылық тудыратын нысандардың бірі. Алайда Қаратерең-Көкарал бөгеті аралығындағы 35 шақырым жолдың жағдайы сын көтермейді. Соған сәйкес, осы жолды қалпына келтіру бағытында осы жылдан қалмай ЖСҚ әзірленуі қажеттігі туып отыр. Мұнымен қоса, Қаратерең елді мекенінің бөгетке бұрылар тұсынан атауы айқын көрінетін кіші архитектуралық нысан орналастыру, аялдау алаңы мен қоқыс жәшіктері, әжетхана орнату талап етеді. Аталған мәселелер бойынша Қаратерең ауылдық округінің әкімі салалық бөліммен бірлесіп, эскиздік жоба дайындап жатыр.
– Арал аумағындағы киелі және ерекше туристік аймақтарды күтіп ұстап, қалпына келтіру жұмыстары қай деңгейде атқарылуда?
– Жаһанда жеті жерде жайы қалған Арыстан бабтың бір ізі Арал ауданында болғанын біз үлкен мақтанышпен айтып келеміз. Еліміздің әр аймағынан келушілер баба рухына тағзым етіп, зиярат етеді. Халқымызда «Ұлы тұлғаларды ұлықтау – ұрпаққа парыз» деген сөз бар. Осы ретте, баба есімін келешек ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында өткен жылдан бастап Ақирек ауылдық округіндегі «Арыстан баб» кесенесін абаттандыру ісі қолға алынуда. Аталған жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы «Ақиректе Арыстан баб» қоғамдық қоры ашылып, тиісті жұмыстар басталды.
Оған қоса, ауданның туристік жағдайын жақсарту мақсатында «AralFest-2026» фестивалін ұйымдастыру жоспарда қаралған. Фестивальде теңіз өнімдерінен тағам жасау, суретшілер, қолөнершілер байқауы, теңізге саяхат ұйымдастырып, Аралдың туристік жерлерін көруге ықпал ету шаралары, «Плоггинг» жүгіріп немесе жаяу жүріп спортпен айналысу, қоқыс жинау іс шаралар ұйымдастырылады.
Тағы бір тоқталып өтетін жәйт, 1988 жылы басты рөлді әйгілі музыкант әрі актер Виктор Цой сомдаған танымал «Игла» көркем фильмі түсірілген Сарышығанақ аумағы туристердің қызығушылығын тудыруда. Соған сәйкес, Арал қаласының, Мергенсай ауылдық округінің әкімі, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімдері бірлесе отырып, Сарышығанақ аумағында орналасқан «Игла» фильміндегі үйді фильмдегі көрініске сәйкес қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Айдар САЙЛАУОВ