Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа не себеп?
Еліміздегі кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылығы мені қатты қынжылтады. Бұрын Кеңестер Одағы кезінде ақпарат кеңістігінде көп айтылмайтын еді, қазіргі ашық, қолжетімді ақпарат заманында жан түршігерлік қылмыстар жазылып, көрсетіліп, әлеуметтік желіде баяндалып жатады. Оған не себеп? Себеп-салдарының түбіне жете алмаспыз. Бірақ орын алып жатқан құбылыстарға мән бермеске болмас… Қазіргі өмір сүріп жатқан қоғамымыздың кемшін тұстары болар, бірақ сондай күн көре алмайтын жағдайда емес шығармыз. Біршама отбасылар бар болар, бірақ тап сондай балаларды қылмысқа итермелейтіндей заман жоқ. Қай қоғамды алсақ та жетіспеушілік болады. Байбалам сала бергеннен ештеңе өнбейді. Әр адам, әр отбасы еңбек етуі тиіс. Ертеректе біздер киген киімді қазіргі балалар кимейді, сөмкесі – таңғажайып, мектебі – біз оқыған мектептен әлдеқайда жоғары. Отбасында кемі үш рет тамақтанады, «таңғы ас» деген ұғым қалыптасты, ойыншықтардың неше түрі бар: жүреді, сөйлейді, ән айтады. Бұрын үйлерде велосипед болатын, қазір мопед, машина, олардың түр-түрі бар. Қайсыбірін айтайын, ілгерілеушілік, даму, жақсы істер бар ғой. Сонда осындай өмір сүріп отырған қоғамның келешегі – балалардың құқық бұзушылығын не деуге болады? Сөз табуға қиналасың. Баланың бұзықтығынан қиналғанынан айтылған сөз болу керек, қазақта «Бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген сөз бар.
– Біздің әке-шешелеріміз он бала тәрбиеледі. Барлығының жоғары дәрежелі білімі бар. Елде әр салада жұмыс істеп, өз беттерінше өмір сүріп жатыр. Мен де төрт бала тәрбиеледім, олардың да жоғары білімі бар, бұйырған жұмысын істеп, күнін көріп жатыр. Сонда деймін-ау, елдің балаларының мұндай тәртіпсіздігіне жауап табу қиын болып тұр. Абай Құнанбаев өзінің данышпандығымен «Баланың жақсы болуы ата-анадан, ұстаздан және достарынан бастау алады» деген ғой. Бәлкім, үш кейіпкерінен іздеу керек болар. Жүсіп Баласағұн: «Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы солардан» деп айтқандай, кінәні ата-аналардан іздейміз бе? Атам қазақ «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» деген. Баланың бұзылуының бір кінәраты әке-шешелерінде жатыр. Сонымен бірге ересек адамдардан көрген жағымсыз нәрселерді өз жадына көшіріп, бала соны жасағанды қызық санайды. «Көз көргенді, көсеу түрткенді істейді» дегендей. Сондықтан ата-аналар мен ересек адамдардың қоғам алдындағы жауапкершілігі, бала тәрбиесі, білімі, мәдениеті, денсаулығы, дамуы жөніндегі жауапкершілігін толық сезетіндей дәрежеге жеткізу керек. Ол үшін ата-аналар мен ересек адамдарды алдымен өздерін тәрбиелі дәрежеге жеткізу қажет. Оларды тәрбиелейтін еліміздің заңдары болмақ.
Осы жерде поляк педагогі, ағартушы Я.А.Коменскийдің «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген тұжырымы еске түседі. Десе де ұстаздар жағдайы жыл сайын жақсарып, сұраныстағы мамандыққа айналып келеді. Мемлекеттің «Ұстаз мәртебесі» заңдылығымен ұстаздар мәселесі кешенді шешіліп жатыр. Қазір сол бір кездегідей 3-4 сағатпен жұмысқа алынбайды, жүктемелері жақсарды, олай болса айлық жалақылары да жаман емес. Жас мамандарға біраз жеңілдіктер де бар, кәсіби біліктіліктеріне сәйкес көтермелеу мен марапаттаулар, жолдамалар мен демалдыру, саяхаттаулар болып жатыр. Мектептер жаңарды, интернет кеңістігіне қосылған, жұмыс жүргізуге біраз жағдайлар жасалған. Жас тұлғаның қоғамда өз орнын табуда ұстаздар қазіргі зор мүмкіншіліктер арқылы балаларды терең, рухани бай адам, тәрбиелі ұрпақ етіп тәрбиелеуге аянбай тер төккені абзал. Балалардың әр сағатын күн режимі бойынша өткізуге күш салғаны орынды болмақ. Сынып жетекшісі және тәрбие мамандары оқушының үйдегі, көшедегі, мектептегі сабақ кезінде және үйірме мен секция жұмыстары уақытында бақылап, іздестіріп, зерттеулер жасап отырулары қажет-ақ.
Адам баласы – табиғаттың керемет үздік туындысы. Оны жоғалтуға хақымыз жоқ. Баланың достары, қатарлары оған ойын, әңгімелесу, бір істер атқаруда, ой бөлісуде ата-анамен қатар әсер етеді. Кей кездері солардың ықпалына көбірек беріліп кететін жағдайлар да кездеседі. Әр ата-ана, ұстаздар балалар ортасын, достарын, кіммен жиі пікірлеседі, соларды анықтап, зерттеп отыруға міндетті. Бала төңіректегі құбылыстарды үлкен адамдардай емес тез қабылдайды, магниттей жылдам тартады, тез бойына сіңіреді, көргенін аса қызығушылықпен бір сәтте орындауға ұмтылады. Олардың ойы ұшқыр, бәрі жылдам, тез, қиял-ғажайып істер жасауға асығып тұрады. Сондықтан кез келген іске жеңіл қарайтын, аса бас қатыра қоймайтын жасөспірім де жеңіл ұрлыққа барады, достарымен көшедегі әлсіз адамдарды тонайды, екеуара сөзге келіп, соңы сынып болып, аула балалары, көше балалары тіпті мектеп балалары болып топтық төбелеске барады. Кей кездері ер балалар тәрізді, болашақ жар, ана болатын қыз балалар да жеке немесе топтық төбелесте көрініп келеді. Қазіргі әлеуметтік желіні пайдалы іске жаратудың орнына, ұрыс-керіс пен бірін-бірі балағаттау, дау-жанжал шешу алаңына айналдырады, төбелесетін жерлерін белгілеп, аяғы қайғы-қасіретке айналады. Жасөспірімдер арасында неше түрлі зорлық-зомбылықтар, тіпті кәмелет жасына толмағандар жыныстық қатынасқа түсіп, соңы өкінішке алып келетін жағдайлар да кездеседі. Ересек адамдардың ықпалына еріп, балалар құқық бұзушылықпен жауапқа тартылып жатады.
Сондықтан біріншіден, ата-аналардың өз балаларына жауапкершілігін арттыру, әкенің ер баламен, шешенің қыз баламан жеке және ер-қыз балалармен бірге де ұлтымыздың менталитетіне сай келетін тәрбиелік шараларды жүргізу керек. Оның мінез-құлқын, қызығушылығын, бейімділігін, сабырлығы мен төзімділігін, отбасы мен Отанына сүйіспеншілігін, парасатты, адал, қамқор, мейірімді болуға баулуы тиіс-ақ. Ол үшін не істеу керек?
Балалардың бос уақыттарында отбасы тіршілігі мен өзі сүйетін, бейімділігі бар, қызығатын істермен айналысуға бағыттаңыз, жағдай жасаңыз. Кешкі мезгілде үйде болуын бақылаңыз, баламен еркін тақырыпта ой-бөлісіңіз, әңгімелесіңіз, сабағына көмектесіңіз. Уақытылы демалып, ерте тұрып, денешынықтыру жаттығулары мен денсаулықты күту шараларын бірге жасаңыз. Екіншіден, мектеп ұжымы балаға сапалы білімнен бұрын, саналы тәрбие беруге күш біріктіруі керек. Қазіргі мектепте тәрбие маманы жеткілікті дәрежеде бар. Мемлекет білім беру ұйымдарын заман талабына сай жаңадан салып жатыр. Пән кабинеттері заманауи техникалармен жабдықталып, лабораториялық-зертханалық құрал- жабдықтармен толығып келеді. Сондықтан мектеп ұстаздары өздерінің білімі мен біліктілігін, парасаттылығы мен тәрбиелілігін баланың адамгершілігі мол, алған білімі арқылы өмірде өз орын табатын саналы тұлға болуға қажырлы еңбек етуі тиіс. Ұстаз баланың ата-анасындай жан-тәнімен жұмыс жасағанда ғана қоғам тұлғасын тәрбиелей алады. Ауылдың учаскелік полиция қызметкері бірнеше елді мекенге қарайтын болғандықтан, әр мектеп оқушыларымен етене араласа алмайды. Сондықтан әр білім алушымен құқық бұзушылықтың алдын алу, зерттеу және түзету жұмыстары сапалы жүруі үшін орта мектептерге полиция инспекторлары штатын беру қажет деген ойдамын. Оған қажетті мамандар жас полиция мамандары немесе отставкадағы тәжірибелі полиция қызметкерлері қазіргі таңда әр ауылдан табылады. Үшіншіден, баланың достары балаға жақын болғандықтан, олардың сөзі, қылығы, іс-әрекеттері тез қабылданады. Кейбір жағдайда уәделеріне берік болады. Дос болғандықтан көңіліне қарап, біле тұра тәртіпсіздіктерге де барады. Осындай жайлармен құқық бұзушылық, тіпті қылмыс жасауы мүмкін. Сондықтан баланың достары және оның жүретін басқа да ортасы тұлғаның қалыптасуына теріс әсерін тигізбейтінін ата-аналары қадағалап отыруы тиіс.
Оқушының сондай ағаттықтарына мемлекет заңдары бойынша тағайындалған жаза түрлері бар. Олар: айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзету жұмыстары, бас бостандығынан айыру. Негізі 16 жасқа толған адам құқықтық жауапкершілікке тартылады. Сонымен бірге кейбір ауыр қылмыстар үшін жауаптылық 14 жастан бастап қолданылады. ҚР Конституциясының І бөлім 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Мемлекетіміздегі барлық мекемелер, қоғамдық ұйымдар және қызметкерлер бірлесіп бала тәрбиесімен айналысқанда ғана келешегімізді тәрбиелей аламыз. Адам тәрбиелеу – ұлы іс.
Менің бір үзік ойыма қандай ой қосасыздар, ағайын.
Ғ. БӨКЕНБАЕВ,
№61 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары