Тыл тарландарына тағзым
Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұрмыс-тіршілік ешкімге де оңай соқпаған. «Соғыс» деген атының өзі де құлаққа түрпідей тиіп, жандарын ауыртқан. Біз бұл соғыстың атын ғана естіп өссек, сол кезеңнің балалары, қазіргі біздің балаларымыз бен немерелеріміз құралпы балалардай екен.Олар соғыс салған лаңның аштығы мен жалаңаштығын көзбен көріп, жандарымен сезінген. Сол шақтағы балалар соғысқа кеткен әкелері мен бауырларын сағынып, олардың елге аман-есен келуін тілей жүріп, тылдағы ауыр жұмысқа араласқан. Бас көтерер еркек кіндіктінің барлығы дерлік майданға аттанған кезде ауылдағы ауыр жұмысқа аналар мен балалар тартылған. Иә, айта берсең бұл соғыстың содан бергі жырын кім тауыса алған дейсің?Міне, сол соғыстың жырын тағы да тауыса алмай отырғандардың біреуі біздер. Мұны айтып отырған себебім, менің келін болып түскен жердегі атам, Қапар Балманов әкеміз де небәрі 10 жасынан бастап тылдағы еңбекке араласқанын өз аузынан естіп-білдік. Атамыз өз әңгімесінде «Менің балалық шағым болмаған. Бұл соғыс кімді аяған дейсің» деп отыратын. Жан алысып, жан беріскен соғыс болып жатқан кезде жеңісті жақындатуға тырысқан тылдағы қариялар, аналар мен балалар болғаны тарих беттерінде тайға таңба басқандай айтылған. Ол жайында соғыс туралы баяндалған кітаптардан да оқып өстік. Не керек, бұл соғыс балалардың балалығын ұрлап, қарттардың тынышын қашырған емес пе? Олардың тылда еткен ерен еңбегін бір ауыз сөзбен айтып жеткізбек түгілі, том-том кітап етіп жазсаң да, тауыса алмасың анық. Сондай жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен Қапар Балманов атамыздың еңбегін кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге ретінде қалдырмасқа қақымыз жоқ.
Қапар атамыз 1934 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылдық округінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Балманнан ерте айырылып, бес бірдей бала жалғыз шешенің қамқорлығында қалады. Еті тірі Ақжан ана күн-түн демей балаларын жеткізудің амалымен ауыр жұмысқа араласқан. Сондай күндердің бірінде батыстан тұтанған соғыс өрті, ер-азамат атаулының барлығын Отан қорғау сапына тұрғызады. Осы отбасының үлкен ұлы да әскер қатарына қабылданып, ұрыс даласына жіберіледі. Сондағы Ақжан анамыздың Сыдық есімді баласын әскерге алып кетердегі қимастық сезімі қазіргілердің аузында: «Япырмай, баламды Ақтөбе жаққа қарай емес, Алматы жаққа қарай алып кетсе екен» деген сөзінен білінеді. Ондағысы Батыс жақта соғыс, Шығыс жақта тыныштық ғой деп ойлағаны болар. Сол атамыздың әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендігі жанға аяздай батады. Баласынан қара қағаз алғанымен, Ақжан анамыздың үміті жамбасы жерге тиемін дегенше үзілмеген сыңайлы. Міне, осындай атамыз секілді «жауды жеңіп келеміз» деген бір шоғыр боздақтардың есімі, әрине, ұмытылмақ емес. Қайта жыл өткен сайын біздің санамызда жаңғыра берері сөзсіз. Осындай қиын-қыстау кездері бар салмақ аналар мен балаларға түседі. Солардың бірі жарынан ерте айрылған Ақжан әжеміз бен әкесінен өте жас қалған ұлдары. Сағынай ата – 10 жаста, Қапар ата 7 жаста болып, ерте есейген беттерінде анасының үлкен қолқанаттарына айналған. Олар сол жылдарда колхоздың түрлі жұмыстарында анасымен бірге болып, ауыр еңбектің ащы дәмін татқандар еді. Атамыздың кішкентай екі бауырының бірі – 5 жастағы Совет ағамыз бен екіншісі 3 жастағы кенже қарындастары Қамқа есімді апамыз болған. Олар үйде қалып, анасының дайындап кеткен ас-суын ішіп, өз беттерінше өскен көрінеді.Күн сайын балаларының амандығына алаңдаған анасы екі ересек ұлын ертіп, үйінен таң сәріден шығып кететін болған. Атамыз сол кеткеннен жатар орындарына қас қарайған шақта ғана барып бір оралатындарын айтып, анасына деген аяушылық сезімін жеткізіп отыратын. Келе-келе Қапар атамыз соғыстың қайнаған тұсында Мергенсай ауылдық округіне қарасты Бірлестікколхозының әртүрлі қара жұмысына жастайынан алынып, еңбекке ерте араласқан көрінеді.Сол кездегі Арал ауданы орталығындағы ФЗО мектебінде (Школа фабрично-заводского обучения) оқып, ағаш ұстасы мамандығын алып шығады. Осыдан ары қарай еңбекке түбегейлі араласып, Бөген балық аулау мен өңдеу тресінде ағаштан қайық құрастырушы болып, өзінің қажыр-қайратының арқасында барлық ауыр жұмыстарды істеген. Осы ауылдан өзінің өмірлік жарын кездестіріп, Лайхат Әлібекқызы анамызбен шаңырақ көтерген. Жанұялы болып, түтін түтете жүріп, ұл-қыздарын өмірге әкеліп тәрбиелеп-өсірген. Қапар атамыз 45 жасқа қарағанда, балаларымның оқуы мен қатынасына қиын болмасын деген оймен, 1979 жылы Арал қаласының орталығына қоныс аударған. Содан бастап Арал қаласындағы түрлі өндіріс орындарында ағаш ұстасы болып еңбек ете жүріп, барлық жасаған жұмысын тиянақтылық пен жауапкершілікте ұстаған. Осы еңбек жолындағы жасаған істері елеусіз қалмай, түрлі үлкенді-кішілі марапаттарға ұсынылғанын еңбек кітапшасынан көрдік. Ешкімге болмасын демейтін Қапар атамыз бен Лайхат анамыздың бейнесі бұл күндері үлкен сағынышқа айналғандай. «Орнында бар оңалар» дегендей, осы күні атамыз бен анамыздан тараған ұл-қыздары бір-бір шаңырақ иелері. Олардан өнген өнегелі ұрпақтардың өсіп келе жатқанына шүкірлік етеміз. Үлкендеріміздің тіке тұрып, түзу жүруге бағыттап салып кеткен ізгі, жарқын жолы жақсы оқу мен адал еңбек етуге жетелегенін түсінеміз. Айта кететін жайт, Қапар атамыз өмірінің соңына дейін тыл еңбеккерлеріне берілетін жеңілдіктерге қол жеткізіп келген. Лайхат анамыздың өңірінде жарқыраған «Батыр ана»медалі көз қарықтыратын. Ата-анамыздың жас күнінде көрген қиыншылықтарын отбасы дастархан басындағы тілдеріне тиек етіп отыратыны – біздер үшін үлкен мектеп болып қалыптасқанын көңілімізге медеу тұтамыз.Қиын-қыстау кезеңдегі тыл тарландарының бейнетті еңбегі біздің осы күнімізге үлкен азық қалдырғандай. Қапар атамыз бен Лайхат анамыз тірі болғанда бәріміз бірдей, биылғы Жеңіс күнінің 81 жылдығын үлкен оттың басында бірге тойлаған болар едік. Ол күндердің қайтып келмесі әмбеге аян. Амал нешік. Ата-анамыздың жатқан жері жайлы, жандары жәннатта болсын деп тілек қосқаннан басқа қолымыздан келер шара жоғына өзегіміз өртенердей болады да тұрады.Қап, жас болдық, бала болдық, кезіндегі көп нәрсені ескере алмадық па, қадірлеріне жеттік пе, жетпедік пе деп қатты толғанамыз. Тыл тарландарының адал еңбегіне кейінгі ұрпақтары мың мәрте тағзым етеді. Нұрларың пейіштің төрінде шалқысын, асылдарым!
Болған кез, біздер сендермен бірге бақытты ек,
Ойлаған сәттен, түседі жастар тамып кеп.
Сағыныш отын сендерге деген басуға,
Қайтар ма еді, күндерге кейін барып кеп.
Жисақ та теріп, әлемнің асыл түстерін,
Жеткізбес білем, сендерді жалғар күш-керім.
Қуаттап бізді, құлатпай қосқан өмірге,
Жеткізген білем, сайраған нұрлы іздерің!
Шолпан ЖІБЕКӘЛИҚЫЗЫ,
ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі










