Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың жауынгер әйелдері

Аралдың жауынгер әйелдері

Биыл КСРО-ның құрамдас бөлігі болған Қазақстанның Ұлы Отан соғысын Жеңіспен аяқтағанына 80 жыл толады. Тарихшылардың деректері бойынша, «майданда әртүрлі кезеңде 800 мыңнан 1 миллионға дейін әйелдер соғысты, олардың 80 мыңы офицерлер болды» деп көрсетеді. Қазақстандық әйелдердің соғысқа қатысуы төңірегінде көптеген ғылыми зерттеу де жүргізілді. Сексен жыл өтсе де, адамзат өзінің тарихындағы осынау қасіретті дәуірге қайта-қайта назар аударуда.
Академик Манаш Қозыбаевтың «Кеңес тарихының ең сүбелі бөлігі Ұлы Отан соғысының тарихы зерттеліп келеді. Алайда әлі де шешуін күтіп тұрған проблемалар баршылық» деуі шындығында да кейбір мәселелерді қайта бағалауды, жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Әйелдердің соғыс кезіндегі жанқиярлық ерлігі мен тылдағы еңбегі туралы көлемді материалдар жазылғанымен, толық мәлімет қамтылды деп айта алмаймыз. Оған негізгі себеп – әскери архивтердегі құжаттардың қолжетімді болмауы, құпия сақталуы. Тіпті соғыс кезінде қанша әйелдің соғысқа аттанғаны, қаншасы қаза тапқаны туралы мәліметті толық айта алмаймыз. Кезінде бұрмаланып жазылып кеткен және ақиқаты ашылмаған мәселелерді қайта қарап, зерделеуге мүмкіндік туды.
2021 жылы «Тұмар» баспасынан шыққан «Аралдықтар Ұлы Отан соғысында» кітабының «Аралдық арулардың Жеңіске қосқан үлесі» бөлімінде олардың соғыс пен тылдағы ерлігі, еңбектегі табысы туралы жазылды. Алайда архив материалдары пайдаланылған еңбекте барлығын толық қамтыдым деп айта алмаймын. Арал ауданынан 46 әйел соғысқа қатысты деген дерек кездеседі. Бірақ нақты құжаттарын табу қиындық тудыруда. Сондықтан әр жылдары Арал ауданына көшіп келіп қызмет еткен, Ұлы Отан соғысына қатысқандардың да мәліметін түрлі дерек көздерінен алып, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында зерттеулерімді жалғастырып, оқырмандарға тың материал ұсынғанды жөн санадым.
Арал әскери комиссариаты арқылы алынған әйелдердің тарихын зерттеу, олардың Отанның ұлы қорғаушысы ретінде қалыптасуын бағалау, жас ұрпақты тәрбиелеудің үлгісі ретінде жауынгерлердің патриоттық қасиеттерін зерттеу – біздің борышымыз. Әйелдердің майдандағы және тылдағы ерлігі мен еңбегі кең және көп қырлы. Оны бір мақала төңірегінде толық қарастыру мүмкін емес. Біздің санамызға соғыс кезіндегі әйел патриот, жауынгер, еңбеккер, жауынгер анасы образдарымен сақталып қалды. Соны кейінгі ұрпақтың да жадында сақталып қалуына атсалысуымыз керек. Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыздың ерлік істері дүниежүзі әйелдер қауымына батырлықтың, патриоттықтың, сұлулықтың үлгісін паш етті.
Деректер бойынша, соғысқа қатысушы әйелдердің ең көп бөлігі медицина қызметкерлері болған. Қызыл армия қатарындағы дәрігерлердің 41 пайызын, хирургтердің 43 пайызын әйелдер құрапты. Атқыштар ротасының, медсанбат, артиллериялық батареялардың санинструкторлары жаралылардың 72 пайызын, ауру жауынгерлердің 90 пайызын қатарға қосқаны есептелген. Дәрігер әйелдер әскери құрамалардың барлық түрінде қызмет етті. Ерлігі мен қажырлы еңбегі үшін жүз мыңдаған әйел Кеңес Одағының түрлі дәрежедегі марапаттарына ие болды. Соғыс жылдарында жауынгер қыздардың ерлігі жоғары мадақтаулармен марапатталды. Кеңес Одағының Батыры атағы 90 әйелге берілген. Олардың көбіне өлгеннен кейін де атақ берілді. Бұл жоғары атақ соңғы рет 1990 жылы 5 мамырда Екатерина Деминаға (Михайлова) берілді. 200 әйел «Даңқ» орденінің ІІ және ІІІ дәрежесімен мадақталды, 4 әйел «Даңқ» орденінің толық кавалері, 150 мың жауынгер әйел кеңес мемлекетінің орден-медальдарымен марапатталған.
Соғыс кезінде ерлік көрсеткен әйелдердің қатарында аралдық ПалауҚұттымұратованыайтуымызға болады. Ол 1924 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Құттымұрат Шамкібаев пен анасы Нақсұлу соғыс алдында қайтыс болған. Қала мектептерінен орталау білім алғаннан кейін, 1939 жылы Ақтөбедегі медбикелер дайындайтын 2 жылдық мектепке оқуға түсіп, 1941 жылы бітіріп шықты.
1941-1943 жылдары Ақтөбедегі тубдиспансерде медбике болып қызмет атқарып, 1943 жылдың наурыз айында әскер қатарына шақырылды. Кеңес әскері қатарында 3-Украина майданында медсанитар батальоні құрамында, батальон 2-Беларусь майданы құрамында қайта жасақталған соң Польша, Германия территориясында фашистерге қарсы соғысты. Әскери госпитальде медбике болып жұмыс істеді.
Медицина сержанты П.Құттымұратова Қызыл Армия қатарында 1943 жылдан №5496 Далалық жылжымалы терапия госпиталінде медицина қызметкері болып жұмыс жасады. Ол жаралы жауынгерлерге медициналық қызмет көрсетуге жауапкершілікпен қарап, ұқыптылық таныта білді. Осы мінсіз қызметі үшін бұдан бұрын да госпиталь басшылығының алғысын алып, «Үздік санитар» төсбелгісімен марапатталған болатын. Саяси сауатты, ұстанымы мықты жан. Медицина сержанты бірнеше рет Үкімет наградасына ұсынылып, «Әскердегі мінсіз қызметі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
1946 жылы әскер қатарынан медициналық қызмет сержанты шенінде елге оралып, соғыстан кейін лейтенант шені берілді. Қызылорда қалалық ауруханасында медбике болып қызмет атқарды. 1948 жылы Қармақшыда, 1949 жылдан бастап Арал қаласындағы жедел жәрдем станциясында фельдшер болып халыққа қызмет етті.
Тізімді әрі қарай жалғастыратын болсақ, Арал аудандық әскери комиссариаты арқылы 16 жасында өз еркімен майданға сұранғандардың бірі – БалдашКенжалина. Ол 1924 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Оразбайдан Балдаш, Алдажар, Балжан, Әсем, Ақкенже дүниеге келеді. Алдажар ағамыз 80-жылдарға дейін «Жіңішкеқұм» ауылында мектепте ұстаз болып қызмет істеді. Қарындастары Балжан, Әсем, Ақкенже «Қарақұм», «Жіңішкеқұм» ауылында түрлі қызметтер атқарды. Жастайынан білімге құштар болған Балдаш Қызылорда қаласындағы мұғалімдер курсын бітіріп, Арал ауданындағы «Сайғонды» елді мекеніне жіберілді. Осында бір-жар ай қызмет істеп, 1940 жылы Арал қаласында 1918-1919 жылы туған азаматтар арасында сауатсыздықты жою бойынша курста сабақ берді. Ол соғыс басталар тұста КСРО Орталық Атқару комитетінің 1941 жылғы 10 шілдедегі шешіміне сәйкес, Жеңіс көшесіндегі жастар клубында, өндіріс пен мекемелерде, колхоздардағы қызыл отаулар мен оқу залдарында жастарды әскери оқу-жаттығу ісіне баулу мақсатында ұйымдастырылған оқу курсында сабақ берді.
Балдаш апамыз Аралдағы қорғаныс комиссариатында орысша сауат ашу, әскери қару-жарақты қолдану, гранаталарды, миноменттерді пайдалану ісіне үйрету курсында да дәріс оқыды. Бір мезгіл түске дейін ересектерге сабақ берсе, түстен кейін әскери комиссариатқа барып, өз еркімен әскер қатарына алу туралы өтініш жазды. Небәрі 17 жасқа толған балауса қызды әскери комиссариат жасының жетпеуіне байланысты әскер қатарына алмайды.
Соғыс басталысымен халықтың басым бөлігі өз Отанын, жақындары мен туыстарын қорғау үшін фашизммен күресуге бел байлағанын архив деректері дәлелдейді. Ерлер мен әйелдер ұлтына, жасына, партияда, комсомол мүшелігінде бар-жоғына қарамастан ерікті ретінде Қызыл Армия қатарына қабылдану үшін ұзақ кезекке тұрды. Соғыс қарсаңында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің ІV сессиясында қабылданған жалпыға бірдей әскери міндеткерлік туралы заңның 13-бабымен Қорғаныс Халық комиссариаты мен Әскери Теңіз флотына медициналық, ветеринарлық және арнайы техникалық даярлығы бар әйелдерді армия мен флотқа алуға және оларды әскери оқуларға шақыруға құқық берілді. Соғыс кезінде дайындығы бар әйелдер армия мен флотта қосымша жұмыс атқаруға және арнаулы қызметке шақырылуы мүмкін болды. Соғыстың басталғаны жарияланған соң-ақ әйелдер осы бапқа сүйене отырып, партия және комсомол ұйымдарына, әскери комиссариаттарға барып майданға сұранды.
Балдаш апамыздың соғыстағы ерлігі туралы 26 қазан 2018 жылы «Қала мен Дала» газетінде Ермек Жұмахметұлының «Дала госпиталінің медбикесі» атты көлемді мақаласы шықты. Осы мақалада оның әскер қатарына өз еркімен баруының негізгі бір себебі, албырт жастық шағындағы қайсарлығы мен сауатсыздықты жою бойынша ұйымдастырылған курстағы қызметі, әскер қатарына алынуына септігін тигізген болуы керек деп жазылған.
Соғыстың қызған кезінде ол майдандағы Чкалов қаласындағы әскери госпитальге алынады. 1942 жылы Сталинград үшін шайқас жүріп жатқанда жақын маңдағы жараланғандарды Чкалов қаласындағы дала әскери госпиталіне әкеліп, емдеу ұйымдастырылады. Балдаш апамыз осы госпитальге түскен талай жауынгерді өлімнен аман алып қалды. Басынан бақайшағына дейін қаруланған неміс әскерінің жойқын күшіне төтеп бере алмай, шегіне соғысқан кеңес жауынгерлерінің рухын көтерген қасиетті «Жеңіс» деген сөзді ол осында госпитальде естіді. Балдаш Кенжалықызының есімі Сталинград қаласын қорғаушылар қатарында айтылады. 1942 жылдың 17 шілдесінен бастап 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған Сталинград шайқасы кезінде Чкалов қаласындағы әскери госпитальде жауынгерлермен бірге оқ пен оттың ортасында болды. Бірнеше рет жауынгерлік орден-медальдармен марапатталды.
 Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, Ақтөбе облысы Шалқар қаласында мәдениет саласында қызмет істеді. Осында Шәден Көбегеновпен отау құрып, ұрпақ өрбітті. 1957 жылы Қазалы қаласына қоныс аударып, осындағы Мәдениет үйінің директоры, Қазалыдағы техникумда қызмет істеп 1974 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұлы Серік пен Шәмшагүлден өрбіген ұрпақ бүгінгі күні Алматы қаласында тұрады.
Ануза Жоламанова 1924 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Ол еңбек жолын 1941 жылы Қазалы аудандық қаржы бөлімінде есепші болудан бастады. Соғыс басталғаннан кейін өз еркімен сұранып 1943-1945 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. От-жалында шыңдалып өскен өрімдей қыз, командование тарапынан алғыстарға бөленіп жүрді. Майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше орден-медаль иеленді.
Соғыстан кейін 1945-1950 жылдар аралығында туған жері Қазалы ауданындағы мекемелерде әртүрлі қызмет атқарды. 1950-1955 жылдар аралығында Қармақшы аудандық партия комитетінің әйелдер қызметі жөніндегі нұсқаушысы болды. 1955-1958 жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің сектор меңгерушісі, әйелдер жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің секретары болып қызмет атқарды. 1958-1965 жылдары Арал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық партия комитеті бірінші секретарының көмекшісі болды. 1965-1971 жылдары аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, 1971 жылдан өмірінің ақырына дейін аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді.
Ол саяси және теориялық білімін үнемі көтеріп отырды. 1961 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Отан алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығы бойынша бірнеше медальмен, 1975 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мағмура Ғалиқызы Баекеева-Сәлімова 1924 жылы қыркүйек айының 24 жұлдызында Астрахан облысы Ганюшкино селосында дүниеге келген.
1942 жылы қыркүйек айының 22 жұлдызында 18 жасар қайсар Мағмура апамыз жастығына қарамастан майданға баруды ұйғарады. Соғыстың бастапқы кезінде кеңес әскерлерінің шығыны 1942 жылдың көктемінде соғысушы әскер қатарына және тылдағы құрамаларға әйелдерді жаппай мобилизациялау жүргізуге әкелді. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті қаулысы негізінде 1942 жылы 23 наурызда, 13-23 сәуірде Әуе күштеріне қарсы қорғаныс, байланыс, ішкі қорғаныс, әскери автомобиль жолдары, Әскери теңіз флоты мен Әскери әуе күштері, әскери байланыс бөлімдеріне әйелдерді жаппай мобилизациялау жүрді. Жасы 18-ден асқан қыздар мобилизацияға түсті. Бұл жұмыс БЛКЖО Орталық Комитеті мен жергілікті комсомол ұйымдарының бақылауымен жүргізілді. Білімі бес кластан төмен болмауы, комсомол мүшесі, денсаулығының дұрыс болуы, баласының болмауы ескерілді. Сол жолы майданға алынған 10 бойжеткеннің ішінде жалғыз қазақ қызы болған екен. Оны алғашында 15-батареяның №731 зенитшілердің артиллериялық полкіне жіберді. 1943 жылы Мағмура Ғалиқызын зенитшілердің артиллериялық полкіне бөлімше командирі етіп тағайындап, Киев қаласына жақын орналасқан Мышеловка селосына жіберді. Бірыңғай қыздардан құралған, Мағмура анамыз командирлік еткен бөлімше жау самолеттерін жазбай танып отырды. Соғыс біткенше бұл бөлімше Киев қаласын қорғауда тұрды.
Зениттік-артиллериялық полктің ардагерлер кеңесінің төрағасы Николай Лукин өз хатында: «Ұлы Жеңістің жолында сіздің де ерен еңбегіңіздің үлесі бар. Сіздің өміріңіз – ерлік» деп жазған болатын. Ерен еңбегі ескеріліп, көптеген орден-медальмен марапатталған.
1945 жылы майданнан жеңіспен оралған соң Сраш Баекеевпен бас қосып, 1946 жылы Қызылорда қаласына келіп жұмысқа орналасты. 1961 жылы ағамыз Арал қаласына көшіп келіп балық зауытында, аудандық комсомол комитетінде жұмыс атқарды.
Мағмура анамыз еңбектен қол үзбей жүріп, отбасындағы сегіз баланың 7-ін Аралда дүниеге әкеліп, 28 немере мен 51 шөбере сүйген ардақты әже болды. Кейін Қызылорда қаласына қоныс аударды.
Сраш Баекеевтің үлкен ұлы Алмабек аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде басшы, Арал аудандық сайлау комиссиясында жұмыс істесе, келіні Гүлжан қаладағы №14 орта мектебінде директор, директордың орынбасары болып басшылық қызметтер атқарды.
Мағмура Ғалиқызы жаумен арпалысып, небір ажалды айқастардан өтті, әскери достарын жоғалтты, соғыс аяқталған соң еңбекке араласты. Оның қажырлы еңбегі жас ұрпақтың есінде мәңгі қалатын үлгілі іс.
А.И.Козловская 1919 жылы Түрікменстан КСР-інде дүниеге келген. Кеңес Одағындағы 30-жылдардағы аласапыран кезінде отбасымен Аралға көшіп келіп, осындағы №14 орта мектепті бітірген. Соғыс басталғаннан кейін әскер қатарына алынды. Жастығына қарамай майдан даласында шыңдалған қыз 1944 жылдың сәуір айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін Қиыр Шығыста Жапонияға қарсы соғысты. №3 құрама сапында поездардың ақауларын жөндеу бөлімінде автоқұралдарды жөндеу мастері болып қызмет етті. Көрсеткен ерлігі үшін «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін Шымкент қаласында мұғалімдер даялайтын институтта жоғары білім алып, Арал қаласындағы №64 орта мектепте мұғалім, 1955-1978 жылдары осы мектептің директоры қызметін атқарды.
Людмила Петровна Никитина 1923 жылы Ленинград облысы, Мгинский ауданы Нижняя Шалдиха селосында дүниеге келген. Соғысқа Арал аудандық әскери комиссариаты арқылы 1942 жылы алынған. 132-атқыштар дивизиясы сапында, 129-атқыштар корпусында сержант әскери шенінде соғысты. Людмила Петровна алдыңғы қатардағы шебер снайперлер болды. Ұрыстарда өзінің шеберлігімен басқалардан ерекшеленді. 1944 жылғы 11 желтоқсан күні немістермен болған ұрыстарда 11 фашистің көзін жойды. Висла өзенінен өтерде өзінің жауынгерлік айла-тәсілдерін ерекше қолдана отырып, оң жақ беттен неміс снайперінің атқан оғының ысқырығы арқылы мергеннің бағытын байқап қалып, жерге жатқан күйі алға жылжи түсіп жасырынады. Неміс снайпері байқамай басын көтере бергенде Людмила винтовкасынан оқ атып, оны сұлатып салады. Осының арқасында манадан бері тосылып тұрған атқыштар бөлімшесіне №162-6 төбеге қарай шабуылды одан әрі өрістетуге мүмкіндік жасайды.
Сержант мерген екі рет «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, т.б. жауынгерлік орден-медальдармен марапатталды.
Жоғарыда бірнеше жауынгер жөнінде қысқаша мәлімет берілген. Мәліметтерді соғысқа қатысқан немесе тылда еңбек еткен әрбір жанға жеке-жеке көлемді етіп жазуға болады. Төменде соғысқа Аралдан аттанған немесе қоныс аударып қызмет істеп, біздің ауданның өркендеуіне үлес қосқан арулар тізімін жариялап отырмын. Олар – Ұ.Ақмырзаева, Л.И.Шальнова, Н.Д.Кузьмина, Т.М.Кириллина, Г.А.Ходош, М.Я.Виноградская, К.С.Соколова, С.С.Попова, А.А.Алексеева, З.И.Бояркина, З.Л.Шмохина, К.А.Забродина, Е.П.Корчагина, Е.Л.Чебтарькова, М.Ф.Барабанова, А.М.Трифонова, М.А.Кузнецова, М.З.Поломарчук, А.А.Растова, А.П.Астахова, В.А.Малая, А.Н.Козеева, Н.П.Юрченко, А.П.Белостоцкая, В.Г.Недлужко, т.б. қан майданда ерліктің үлгісін көрсетті.
Күнделікті күйбең тірлікпен соғыс жаңғырығы көмескіленіп, Жеңісті жақындатушылар ерлігі ескерілмей қалуда. Тек әйелдер күнін немесе Жеңіс мерекесін тойлағанда ғана қызығушылық білдіреді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен тылда ұжымдар еңбек етті. Соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнын әйелдер мен балалар басты. 1939 жылғы санақ бойынша Арал ауданында 55 мың халық қоныстанған болса, соның 26 мыңы әйелдер, 9 мыңы үй шаруасындағы әйел мен жасөспірім болған. Арал ауданында соғысқа дейін тек ерлер жұмыс жасаған, балық зауыттары мен мал шаруашылығында және егін шаруашылығында, кәсіпорындарда, соғыс кезінде 70 пайыз әйелдер еңбек етті. Олар игермеген сала қалған жоқ. Мысалы, Бекбауыл ауылының батыс беткейіндегі «Нұрша» серіктестігінде «40 қатын» немесе «Кеңес арық» деген каналды әйелдер қазып, егін егіп, сол жылдары Орджоникидзе колхозы Отанға мол астық тапсырған. Міне, осындай мысалдарды айта берсек көп. Әйелдер майданға кеткен ерлерінің міндетімен қатар, үй шаруасы, бала тәрбиесі, т.б. қат-қабат істерді атқарып, күш-жігерін, бар тілегін майдан мүддесіне жұмсай білді. Халық жадында соғыс кезіндегі әйелдер бейнесі батыр, жауынгер, еңбеккер, мейірімді ана образдарының сақталуы тиіс дегім келеді.
 Болатбек ҚУАТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Архив саласының үздігі


Фото: автордан
08 наурыз 2025 ж. 131 0