Тағдыр жолы "Толқынмен" тоғыстырды
Әскерден келген кезім. Отан алдындағы қасиетті парыз кәдімгідей-ақ есейткен. Оң мен солды танып, жақсы мен жаманды ажырата бастағандаймын. Армиядағы 730 күн ширатып шығарды. Несіне жасырайын, сонау ауылда алаңсыз мал бағып, мал жайғарып жүрген кезімде сырт киімнің ішкі қалтасына қалам салып жүруді әдет қылғаным бар. Қатарластарым күлетін. Ондайда «керек заттың ауырлығы жоқ қой» деп кете беретінмін. Сол үрдіс ер мектебіне баланған – қарулы күштердегі ұмытылмас шақтарда да жалғасты. Кіріспемнің бас жағында тілге тиек еткенімдей, екі жылдың кемі үш айында күнделік жаздым. Елге деген сағыныш пен өрілген жазбаларымды бүгінде көздің қарашығындай сақтап, күйбең тірлік шаршатқанда қайта оқып, қай жерден қателестім екен деп есіме аламын.Жігіт мойнындағы борышымды ойдағыдай өтеп келген жылдар. Ғасырлар тоғысында қоғам шала бүлініп жатыр. Жұмыссыздық белең алған. Іргелі мекемелердің шаруасы шатқаяқтаған. Күн көріс қиын, үлкен-кіші «екі қолға бір күрек таппай» сенделіп әлек.
«Қасқыр орманға қарап ұлиды» дегендей, қайда жүрсем де шығармашылық қауымнан алыстағым келмейтін. Талантым бар, танысым жоқ. Тәуекел, бір сыласы болар деген оймен реті келіп тұрған жұмысқа орналасуға қарекет жасадым. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолымды Арал қаласындағы мамандандырылған күзет мекемесінде қатардағы сержант ретінде бастадым. Аудандағы стратегиялық нысандардың бірінің қауіпсіздігін қадағалап жүріп, аралдық қаламгерлермен байланыс жасадым. Қасиетті қаламмен жағалау жұртының жоғын жоқтаған ағаларым мені магниттей тартты. Ақырында күзет қызметі қол емес екенін ұғынып, аудан орталығындағы тәуелсіз «Үмітті Арал» газетінен бір-ақ шықтым. Аталған басылым жазуға, ойдың кенін қазуға төседі. Құрылтайшы Аманкелді Траханов көкеміз бен газет редакторы танымал ақын Толыбай Абылаев ағамыз қаламның әрі қарай ұшталуына көп көмек берді. Ел көрсетті, жер көрсетті. Бір күні Төкең өзінің «Толқын» газетіне баратынын айтып: «бос орын болса хабарласамын, алысқа ұзама» деген ишаратын білдірді. «Жазған құлда шаршау жоқ». Қазақ тілі қоғамының жанашыры, руханият саласының тілеулесі Амангелді аға да ертеден туыс адамдай, өмірлік тәжірибесін аямай айтып, менің болашағыма бағыт-бағдар көрсетті.
Уақытпен үндескен, тарихпен тілдескен «Толқын» газетіне қарай тағдыр жолы бет бұрғызды. 2000 жылдың алғашқы бесінші белесі артта қалған. Сынаптай сырғыған сағаттар жанталаса соғып, күндер керуені алға озып жатты. Өмір бағдаршам іспетті емес пе? Жасыл түс жанып тұр ма, қозғалу керек... «Тәуекел – деген жел қайық, өтесің де шығасың» демекші, дұрыс жолды таңдағаныма әлі де қуанамын. Алла аузына сөз салған ағаларым жалауымды желбіретіп, бойымдағы тамшыдай қабілет-қарымымды ә-дегеннен оң бағалады. Олар да мәз, мен де мәз. Осылайша, Қарақұмнан шыққан санаулы қалам ұстағандардың қатарына ендім де кеттім. Республика, облысқа белгілі қаламгер Қази Данабаевтай мықты болмасам да сол кісі жүрген ізбен жүрсем деген арман-мақсатым орындала бастағанына іштей шаттандым. Аудан айнасына баланған үнжарияға, яғни «Толқын» газетімен тағдырым осылай тоғысты.
Қаншама жайсаңдардың ізі қалған қасиетті ғимарат. Сарғайған газет тігінділері сақталған тарихи орын. Есімі республикаға мәлім Толыбай ақын маған әкемдей жол көрсетті. Жұмыр басты жанның өмір жолын – Тәңір жазса, еңбек жолын адам жазады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін акциома. Әлі мардымды ештеңе жазылмаған еңбек кітапшама сол кездегі бас редактор Жұмабай Жақып сенім артып қызметке қабылдады. Енді мен аудан халқының көзі, һәм тіліне айналған газеттің белді тілшісімін. Еріксіз іштей балаша қуанып, бақыттан басым айналады. Көргені көп аға-апаларым сырт қақпады. Бар білгендерін үйретіп, білмегенімді кешірді. «Көш жүре түзеледі» деп анау-мынау олқылықтарымды елемеуге тырысты. Нақтысы, бауырындай баурады.
Газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған үлкендердің шынайы тілеулестігінен болар, жаман болмадым. Әрдайым өз мүддең үшін емес, редакция мүддесіне жұмыс жасағанда ғана алысқа барасың. Сонау қатпарлы тарих қойнауында қалған 2018 жылы осыған тағы бір мәрте көзім жетті. Нақтырақ тоқталсам, жұмыс барысындағы тәжірибем ескеріліп, сол жылы «Толқын» газетіне бас редактор болу пешенеме жазылды. Әрине, жоғарыдағылар мені бірден топ еткізіп отырғыза қойған жоқ. Осы газеттің қыр-сырын жетік меңгерген маман ретінде сенім артты. Антқа адалдық қанымда бар. Ананың ақ сүтінен, әкенің қабағынан дарыған қасиетпен қай іске де жанашырлық таныттым. Қолдан келгенше өзім басшылық еткен жеті жылда «Толқынның» толысуын ойладым. Әрине, қандай бір жетістікке жетсем де барлығы дерлік ұжымның ауызбірлігі арқасында екені өзіме мәлім. Күнгей мен көлеңкені ажыратып, қоғамдағы жетістіктер мен кемшіліктерді жарыса жазған әріптестерім газет беделінің артуына жұмыла үлес қосты.
Жеті жыл. Аз ба, көп пе патша көңілді оқырмандарым таразылар. Жақсы болдым ба, жаман болдым ба, оны да газетті рухани сырласым деп білген жандар зерделер. «Толқынның» тізгінін ұстағанымда облыстық «Сыр Медиа» басшылығының қолдауымен біраз жетістіктерге жеттік. Ғимарат жаңарып, сырты-іші де өзгеше кейіпке енді. Жылу жүйесі көгілдір отынға қосылып, оған аудандық мәслихат депутаты, марқұм Темір Бейсембаев айрықша жәрдемдесті. Іргелі құрылымға айналып, 2 облыстық, 1 қалалық, сондай-ақ ақпарат агенттіктерімен жастар газетін бір шаңыраққа сыйдырған серіктестік қандай да бір мәселемізге мән бере қарап, ұсыныстарымызды аяқсыз қалдырмады. Нәтижесінде, редакцияның техникалық базасы жақсарған үстіне жақсара түсті. Сол жылдары «Толқын» газетінің тоқсан жылдығын аталып өтілді. Тек бір өкініштісі, мерейлі шара жер жаһанды короновирус індетінің ушыққан кезімен тұспа-тұс келіп, адам санына шектеу қойылды. Соның кесірінен көсіліп атап өтуге мүмкіндік болмады. Дегенмен, сол кездегі облыс, аудан басшысының талабына сай шағын форматта төл мерекемізді біркісідей ұйымдастырдық. Аталған шарада "Толқынның" гимні ретінде жарыққа шыққан ақын, Жазушылар одағының мүшесі Ерғали Абдулланың сөзіне жазылған сазгер Октябрь Ізбановтың әні көпшілікке тұңғыш рет жол тартты.
Газет – авторларымен құнды. Әр ауылдарда хат жолдап тұратын қоғамдық тілшілеріміздің қатары сәт сайын көбейді. Сан алуан тақырыпты қаузаған олар газеттің мазмұнын арттырды. Редакциядағы журналистер жан-жақты қолдауды сезініп, бірқатары Қазақстан Журналистер Одағына мүше болып қабылданып, түрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізді. Атап айтсақ, сайт маманы Күнзипа Зденова, баспасөзге жаздыру маманы Күлмараш Ерғазиева, маман Райкүл Пірманова қашанда «илегенім бір терінің пұшпағы» деп жүрген менің ортақ мақсат, ортақ абырой жолындағы әр ісімді қолдай білді. Сондай-ақ, кадр таңдауда да қателеспегенімді сезіндім. Басшы болған тұсымда редакциядағы сан түрлі тақырыпқа қалам тербей алатын шығармашылық құрамды жастардан жасақтап, кейінгі буынның танылуына, биіктен көрінуіне жол аштым. Әріптестерім, Оңталап Жолдасов, Назерке Бақыран, Айсәуле Нұрланова, Гүлмарал Сақтапова сынды жас лептің «Толқынды» онан әрі толқытуына жағдай жасадым.
Қай салада да меже деген үрдіс бар. Кеңес дәуіріндегі мұндай қағида қазіргі таңда да ұмытылмаған. Өзара бәсекелестік бар жерде ілгерілеу болатыны белгілі. Баспасөзде де көрініс табатын салыстырмалы көрсеткіште «Толқын» үнемі үштіктен көрінді. Таралымның артуы, жарнаманың еселенуі, сайт қаралымының көбеюі, газет мазмұнының оқырман ойынан шығуы ең бірінші кезекте тұрды. Соның жемісіндей облыстағы басшылық мекеме игілігіне 2021 жылы су жаңа «Нива» автокөлігін табыс етті. Бұл барша ұжымның еңбегіне берілген оң баға еді. Газет оқырмандарының саны 6500-ге жетіп, әлеуметтік желімізде уақыт талабына сай жұмыс жасады. «Көрмейін десем, көзім бар», «Оқшау ой», «Көзкөрген», «Айтайын дегенім», «Көкжиек», «Мәселе», «Тарихтың қатпарлы тұстары», «Өткен күнде белгі бар» сияқты айдарлар қолданылып, ойлы оқырманның оясынан шығатын дүниелер көптеп жарияланды. Редакциядағы бір-екі журналиспен бірге көшпелі редакция да ұйымдастырылып, барған жерлердің жетістіктері мен көпті толғандырған мәселелер төңіргенінде айттық.
Сәл жоғары тұста кадр жайында сөз сабақтадым. Кезінде қабылданған журналистер қаламдарының қарымын мойындата алды. Бұл да бір еңбектің қайтқаны. Сондай-ақ, есеп-қисап жағынан да көпке үлгі ретінде танылдық. Алдыңғы бас редактор, Жазушылар Одағының мүшесі Шымкентбай Жылмағамбетов бастаған газет тасымалдау жұмыстары жүйелі жалғасып, қала мен далаға тараған төл газет әр шаңыраққа уақытылы жеткізіліп отырды. Бұл үрдіс әлі де асқан жауапкершілікпен жалғасын тауып келеді. Бас маман Асылхан Санақұлов, көлік жүргізуші Сұлтан Ибрашев, техникалық қызметкер Тасбике Көлмағамбетова өздеріне жүктелген функционалдық міндетке сергек қарап, мекеменің жанашырына айналды.
Негізінде «Толқын» газетінде өлшеусіз еңбек етіп, маңдай термен нан тапқан ардагерлеріміз баршылық. Олар ғұмырларының басым бөлігі өткен қарашаңыраққа жиі келіп тұрады. Сол себепті аға-апаларымның құрметіне редакция жанынан ардагерлер бөлмесін ашуға ықпал жасадым. Аудан әкімі ұсынысымды бірден қолдады. Бүгінгі күні Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Зейнолла Шүкіров атындағы әдеби қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жұмабай Жақып бастаған ардагерлер орталыққа жолдары түскен сайын бас сұғып, қауқылдасқанда «бұл да бір біткен іс болды» деп керемет әсерге бөленемін. Қашанда үлкенге құрмет көрсеткен қазақпыз. Екінші үйіндей көрген ардагерлеріміздің алғысынан артық не бар дейсің?!
Өмір – өмір емес, есте қалған өмір – өмір. Менің «Толқын» – тағдырым, газетпен өтті әр күнім деп, артта қалған бір жылдарда жазуымның сыры осы. Газеттің 11000 санын жарыққа шығарғанбыз. Сонда бәріміз марқайдық. Өйткені, шыққан нөмір – өткен өмір. Қазіргі таңда осы салада жүргеніме жиырма төрт жылға жуықтапты. Тілші, онан соң бөлім меңгерушісі болып, артынша жауапты хатшы лауазымына да көтерілдім. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дегендей, сатылап өсіп бақытыма орай Бас редакторлық қызмет те бұйырды. Толқыннан толқын туады, арман жолын қуады. Сондай бір мақсаты биік азамат Айдар Сайлауовқа Бас редакторлық эстафетаны табыстап, өзім орынбасары ретінде қызметке кіріскеніме жыл толды.
Аралдық ақын Жарасхан Әбдірашұлының "Кім едік, қандай едік, халық таныр, Әйтеуір, ұмтылғанбыз жарыққа бір..." деген өлең жолдары бар. Расымен де әр жанның пешенесіне жазылған тағдыры болары анық. Шыр етіп дүниеге келген сәтте екі елі маңдайға таңбаланған осы тағдыр бес күндік пәниде кез-келген жанның негізгі жолына айналады. Көмескіге емес, жарыққа құлшындырады. Мені де тағдыр – кемем қоғамдағы сан сала ішінен баспасөзге қарай желкен керген еді. Әлі де сол желкенге жармасып келе жатырмын. Кейде, кеше мен бүгінді зерделеп, не істеп, не қойғанымды таразылаған күйі ойға шомамын. Журналистика жолындағы жиырма төрт жылда жақсыны да, жаманды да көрдім. Ащының да, тұщының да дәмін таттым. «Арық сөйлеп, семіз шығудың» не екенін білдім. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» екенін ұқтым. Қысқасы, ұстаханама айналған «Толқындай» басылымды бағыма баладым. Санаулы күндерден кейін барша аралдықтардың сүйікті газетінің 95 жылдық мерейтойы. Өздеріңіздің рухани серіктеріңізге айналған басылымның бағыты айқын екенін жақсы білесіздер. Бес жылы кем ғасыр жүгін арқалаған газеттің жүз жылдығында да төрт құбыламыз түгел, жан-жағымыз аман, жүзіміз жарқын болып жолығайық. Сіздер барда, біз бармыз ағайын!
Абай ЕЛЕШ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі









