"Мен мектеп бітіремін" Жарқын кештің жасырын жүгі
Мектеп бітіру кеші – жас түлектің өміріндегі айтулы оқиға. Бұл – он бір жылдық балалық шақтың нүктесі, үлкен өмірге бастар алғашқы қадам. Алайда, соңғы жылдары бұл мереке рухани мәнінен ажырап, материалдық жарысқа, «мен кімнен кеммін?», «балам қатарластарынан қалмайды» деген бәсекеге айналып бара жатқандай. Бүгін сол кештің көлеңкелі тұстары мен жарқын сәттерін саралап көрмекпіз.Сыңғырлаған соңғы қоңырау, парталастармен өткен қызықты сәттер, ұстаздың жылы лебізі... Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап, он бір жыл бойы жинаған білім қоры Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) арқылы сарапқа салынады. Бірнеше айға, тіпті жылға созылған дайындық, тест парақтары мен формулалар арасындағы күрес аяқталғанда, түлектердің бойын ерекше жеңілдік билейді.
Бұл жеңілдік көбіне «шексіз еркіндік» сезіміне ұласады. ҰБТ-ның ауыр жүгінен құтылған жастар бұл күнді ерекше атап өтуді қалайды. Бірақ, осы «көңіл көтерудің» артында үлкен қаржылық жүк пен қауіпсіздік мәселесі тұрғанын бәрі бірдей сезіне бермейді.
Қаржылық қыспақ
Қазіргі таңда мектеп бітіру кешін ұйымдастыру – кішігірім той жасағанмен бірдей. Ресторан жалдау, қымбат көліктер шеруі , фотосессия, бейнежазба, кешкі көйлек пен костюм – мұның бәрі миллиондаған теңгені талап етеді.
Әсіресе, бір отбасынан бірнеше оқушы қатар бітірсе, ата-ананың жағдайы мүшкіл. Тіпті, бастауыш сыныпты бітірудің өзі үлкен салтанатқа айналған.
– Биыл менің екі балам мектеп бітіріп жатыр. Үлкені 11-ді, кішісі 4-сыныпты. Шыны керек, ақша жағы қиындау. 11-сыныптың кешіне 100 мың теңге жинап жатырмыз. Оған киімін, аяқ киімін, апайына беретін сыйлықты қосыңыз. Ал 4-сыныптың өзіне балалардың көңілі қалмасын деп ата-аналар кафе жалдап, аниматор шақыруды ұсынды. Оған да 50 мың кетті. Бұл – нағыз ысырапшылдық. Бірақ көпшілікке қарсы шыға алмайсың, балаң ортадан шеттеліп қала ма деп қорқасың. Несие алып, той жасап жатқандарды көріп, жағдайымыздың қайда бара жатқанына қынжыламын. Нағыз бәсекеге айналып кетті, – дейді көпбалалы ана Меруерт.
Расымен де, бір сыныпта жағдайы жақсы, орташа, төмен отбасының балалары оқиды. «Байдың баласы сөйлесін» деген қағидатты ескерсек, барлық бала еркелеп өскен, бетінен қақпаған бірнеше оқушының айтқанына көніп, ата-анасына сол ойды айтып баратыны анық. Ал баласының көңіліне қарап, сыныптас достарынан қалмасын деген әрбір жан соған көнеді. Тіпті қаржылық жағдайы өзінен төмен жанның пікірін елемейтін ата-аналар да бар.
– Өткен жылы балам 9-сыныпты бітірді. Мейрамхана жалдап фотосессия жасады, оған бірнеше образ дайындадық. Оған қосымша мектептегі шаралары, кешкі отырысы және жыл көлеміндегі барлық оқушының туған күні мен бірде бір мейрамды қалдырмай тойлап шықты.
Менің балам үйдің кішісі. Ағалары бар, өзім зейнеткермін, көп қиналмай сұраған ақшасын тауып бердік. Ал сыныбында кейбір оқушылар толық емес, көпбалалы отбасының балалары. Олар біраз шараға қатыса алмады. Енді балалар арасында оларды шеттету басталып жүр. Туған күндерге, мейрамдарға шақырмайды. «Олар бәрібір келмейді» деген ой қалыптасқан. Қазір жастардың құбылып тұрған уақыты. Олардың пейілдеріне осындай нашар ой салатын болсақ, болашақтан не күтеміз? Сондықтан барлық ата-ана, оқушы, ішкі істер өкілдері, директорлар мен мұғалімдер бірігіп шара қолдануымыз керек деп ойлаймын, – дейді атын жасыруды сұраған қала тұрғыны.
Сақтықта қорлық жоқ
Жыл сайын мектеп бітіру кешінен кейін жол апаты, суға кету немесе жастар арасындағы төбелес туралы суық хабар тарап жатады. Ішкі істер министрлігі (ІІМ) бұл күндері күшейтілген режимде жұмыс істегенімен, ата-аналар мен мектеп әкімшілігінің бақылауынан тыс қалған жастар қауіпке бой алдырады.
Бұл жөнінде Ішкі істер органдарының өкілдері
– Біз жыл сайын ата-аналарға ескерту жасаймыз. Көлікпен қаланы аралау, түнде табиғат аясына шығу, алкогольдік ішімдіктерді қолдану – мұның бәрі қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар балаларына қымбат көлік жалдап беріп, олардың түнде қайда жүргенін бақыламайды. Бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Қауіпсіздік шараларының сақталмауы – үлкен трагедияның басы. Жастардың аяқасты ашуға бой алдыруы немесе көлік тізгініне ие бола алмауы бір сәтте тағдырды талқандайды. Бізге мереке емес, баланың амандығы қымбат болуы тиіс, – дейді олар.
Ресми ұстаным не дейді?
Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында, қарапайым форматта өткізуді үнемі ұсынады. Министрліктің бұйрығы бойынша, ақша жинауға, қымбат ресторандарда кеш ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған. Алайда, бұл шешім көбіне қағаз бетінде қалып қояды. Ата-аналар «мектептен тыс жерде өз еркімізбен жасаймыз» деген желеумен заңды айналып өтуге тырысады.
Биыл сала министрлігі түлектер кешіне қатысты жылда айтылатын шектеулерге мықтап кіріспек. Арнайы бұйрық жобасы да әзірленіп жатыр.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова:
– Біріншіден, қаражат жинауға тыйым салынады, екіншіден, сол жерден нақты тайға таңба басқандай жазылған, жалпы мектептен тыс жерде, ойын-сауық орталықтарында, ресторандарда бас қосуға тыйым салынады деп нақты жазып отырмыз. Сондықтан бұған қатысты ІІМ өзі қадағалауға алады, – дейді.
Бұған түрткі болған көпбалалы ата-ананың Президентке жолдаған үндеуі болса керек. Ғаламтор беттерінде «мектеп бітіруге 200 мың теңгеден жинапты», «кешке бас-аяғы 41 млн теңге жинағысы келген» деген ақпараттардың жиілеуі, әрине, қоғамның ашуын туғызады. Бұл тек әлеуметтік теңсіздікті арттырып, жастардың санасына «бәрін ақша шешеді» деген теріс ұғымды ұялатуы ғажап емес.
Қаржы саласында отыз жылдық тәжірибесі бар ана мектеп басшылығы мен білім басқармасына тиімді ұсыныс жасаған, алайда оны ешкім елемеген дейді. Осыған орай, мектеп бітіру кешіне ақша жинаған мектеп пен аудандық білім басқармасына сөгіс жарияланды. Ақша жинау демекші, министр Жұлдыз Сүлейменова мектептерде қаражат жинауға мараторий жариялауды ұсынды.
– Сән-салтанаттан бас тартатындай, кішігірім салтанатты дүниені өткізуді биылғы аттестат табыстау кешінен бастағымыз келеді. Егер қаржы жинап қойған болса, бүгіннен бастап барлық ата-анаға қаржыны таратып беру керек деп санаймыз, – деді ол.
Биыл елімізде 230 мыңнан аса түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Әзірге бірлескен бұйрық бойынша өзге қандай шаралар қабылданатыны белгісіз. Ендігі кезекте мектеп бітіру кешінің қалай өтетіні ата-ана мен мектеп басшылығының жауапкершілігінде.
Сыныптастар – сырлас жандар
Әрине, мектеп бітіру кешін тек жағымсыз жағынан қарастыру дұрыс емес. Бұл – қимастық пен үміттің тоғысқан сәті. Балалардың он бір жыл бойы бірге өсіп, бірге есейген достарымен қоштасуы, ұстаздарына алғыс айтуы – өте әсерлі көрініс. Ол жастарға жауапкершілікті сезінуге, өткенге есеп беріп, болашаққа жоспар құруға мүмкіндік береді.
Балалардың көзіндегі қуаныш, ата-ананың мақтанышы, алғашқы вальс – мұның бәрі ақшамен өлшенбейтін құндылықтар. Дұрыс ұйымдастырылған, мәдениетті кеш түлектердің есінде өмір бойы жарқын естелік болып қалады.
Кейбір түлектер мен олардың ата-аналарының пікірінше де, мектеп бітіру кеші – адам өмірінде бір-ақ рет келетін қайталанбас сәт. Сондықтан бұл күнді ерекше салтанатпен, жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор дейді.
– Мен үшін мектеп бітіру кеші – қымбат көйлек немесе ресторан емес. Менің сыныптастарыммен соңғы рет бірге отырып, болашақ туралы сырласуым. Біз 11 жыл бойы бір-бірімізге демеу болдық, сырластық, сыйластық.
Иә, ата-аналарымыздың шығындалып жатқанын түсінеміз, сондықтан біз өз сыныбымызбен тек ең қажетті нәрселерге ғана жинағымыз келеді. Ең бастысы – бір-бірімізге деген шынайы көңіліміз, – дейді жас түлек Аружан Ахметхан.
Үлкен баласы мектеп бітіріп, қуанышы қойнына сыймай жүрген Бақыт мырза да осы пікірге қосылады:
– Баламның ержетіп, мектеп бітіріп жатқанын көру – мен үшін үлкен бақыт. Біз осы күнді асыға күттік. Әрине, қаржылық жағынан оңай емес, бірақ баланың бір рет келетін қуанышы үшін бәріне дайынбыз. Ең бастысы – олардың амандығы мен болашақта жақсы маман болуы. Меніңше, егер ақша жинау ақылға қонымды шеңберде болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл – мереке, ал мереке әрқашан жақсы көңіл-күй сыйлауы керек, – дейді ол.
Түйін: Қымбатшылық заманда мектеп бітіру кеші – қуаныш пен қаражатты қатар ойлайтын уақыт.
Біз жастарға саналы шешім қабылдауды үлгі етуіміз керек. Сонда ғана мектеп бітіру кеші шынайы мерекеге айналып, арты өкінішке соқтырмайды.
Алтын ұядан ұшқан әрбір түлектің қанаты талмай, биіктерді бағындыруына тілектеспіз. Бірақ сол биікке барар жол ысырап емес, ынсаппен басталғаны жөн.
Г.САҚТАПОВА










