Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл халқының саулығына жауапты амбулатория

Ауыл халқының саулығына жауапты амбулатория

Теңіз жағалауынан қоныс тепкен Бөген ауылдық округінің тарихы әріде жатыр. Тереңнен су маржанын сүзіп, ата кәсіпті өркендеткен қауымның арлы-бергі жүріп өткен жолында ерекше айтылатын амбулатория бар. Ауыл халқының саулығына жауапты денсаулық мекемесінің кешегісі мен бүгінін зерделесек, көп нәрсеге қанығамыз.

Жалпы, Бөген ауылдық округінің болашағы баянды, келешегі көркем. Мұның барлығы да мемлекет басшысының оң саясатының жемісі. Ауылға апарар жол бұрынғыдай кедір-бұдыр емес, жолаушылардың діттеген жеріне жетуіне барлық жағдай жасалған. Жеңіл көліктер тегіс жолмен қозғалады. Жергілікті халықтың ұл-қыздарына сапалы білім, саналы тәрбие берген білім ошағы да уақытпен үндесе жұмыс жасау үстінде.
   Иә, негізгі мақала жайына көшейік. Ата заңымызда адам – басты байлық болып саналады. Бұл тұрғыда бөгендік ақ халаттылардың еңбегі ерен. «Сыр өңірінің тарихы» атты Алматы қаласындағы «Ата мұра» баспасынан 1998 жылы шыққан құнды туындыда көп жәйт айтылады. Мақала дайындау барысында осыған тоқтала кетуді жөн санадық. Аталмыш кітаптың 188-ші бетінде Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде Аралда 15 төсекті аурухана ашылғаны жазылады. Сондай-ақ, Аманөткелде, Райымда, Бөгенде фельдшерлік пункттер жұмыс істеген екен. Артынша Совет үкіметі орнап, 1919 жылы ресми түрде жарияланғаннан соң жер-жерде жергілікті советтердің құрылуы белең алып, нәтижесінде жұқпалы аурулармен күресуге басымдық берілді. Тарқатар болсақ, партиялық органдар тарапынан денсаулық саласына қаржы бөлінуіне байланысты өкпе сырқаты мен жіңішке тері ауруларының таралуына тосқауыл қойылды.
Тақырыпқа арқау еткен Бөген елді мекенінде сол кезеңдерде, яғни 1936 жылы Бөгендегі дәрігерлік бөлімше 2-3 орындық ауруханаға айналған. Аталмыш медициналық ғимарат елең-алаң шақтағы ауыл халқына өз деңгейінше уақытпен санаспай қызмет жасаған.
   Ғасыр тоғысты, заман жаңарды. 2002 жылы Бөген ауылына он төсектік ауылдық аурухана ресми түрде тұрғындар игілігіне берілді. Бұл жерде атқарушы биліктің қарымды тірлігімен халық сайлаған депутаттардың іскерлік болмысын айта кеткен ләзім. Сол уақыттарда жұртшылықтың қуанышында шек болмаған. Өйткені жағалаудағы іргелі мекеннің халқы үшін жасалған жағымды жаңалықты көптен бері ел күтіп жүретін. «Халық қаласа хан түйе сояды» демекші, ел тілегі орындалды.
    Қош. Теңіз төскейіндегі тұрғындардың ем-домына жауапты медицина қызметкері Гиппократ антына адалдық танытып, күн-түн демей тынымсыз тірлік кешті. Солардың қатарында жергілікті аурухананың бас дәрігері болған Төлебай Шораев, Кеңес Әлмұрзаев, Темірхан Дәужігітов, Мамай Өтемісов және Амандық Өтенов сынды өз ісінің майталмандарын айрықша атап айтуға болады. Сондай-ақ, жоғарыда есімдерін аталған жандармен бірге қоян-қолтық жүйелі жұмыс жасаған білімді де білікті дәрігерлер Мұратжан Нұрекешов, Айсұлу Сәнкібаева, Светлана Шекеевадай жауапкершілігі мығым жандар ауылдастарының ілтипатына бөленген-тұғын.
   Бөген ауылдық ауруханасының шаруашылығын ұзақ жыл жандандырған Жадырасын Әлжанов пен Бақыт Ақбергенов ғимараттың техникалық жағдайын көздің қарашығындай сақтады.
    Кез келген тақырып аясында тұшымды мәліметтер қажет екені даусыз. Ол енді журналистің басты көзірі. Сол себепті ауылға хабарласып, Бөген жақтағы авторларымызбен байланысқа шықтық. Бізге ең алдымен Бақыт Жолдасбаев деген ағамыздың көп нәрседен құлағдар екендігі жайында хабар түсті. Ол кісі 1957 жылы Бөген ауылында дүниеге келген. Зейнолла Шүкіров атындағы орта мектепті тәмамдаған соң ата жолымен балық аулау ісіне араласып, сондағы өндірісі өркендеген базада тер төккен. Артынша жігітке тән намыспен қатарластарынан қалмай Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеген. Тепсе темір үзетін жігіт болып, елге оралған Бақыт Зейнуллаұлы асқақ арман жолында Ақтөбе қаласына жол тартып, аталған шаһардағы медициналық институтында оқуға бет бұрған.
   Арманы адастырмаған азамат аталмыш оқу орнын 1984 жылы емдеу ісі бойынша бітіріп шықты. Араға жыл салып Қызылорда қаласында да білімін жетілдірген ол қосымша терапевт мамандығын да еншілейді. Тағдыр жолын медицина саласымен байланыстырған Бақыт қалалық жедел жәрдем станциясында дәрігер ретінде өзін танытып, талайлардың алғысын алды. Қызылорда облыстық Ішкі істер бөліміне қарасты түзету мекемесінің бастығының емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына да көтерілді. Жауапкершілік жүгін жете сезінетін, қай тапсырмаға да тиянақтылықпен қарайтын жан ұдайы абырой биігінен көрініп, қызметтік баспалдақ пен тоқсаныншы жылдары туған жеріне қайта оралады.
   «Кіндік қаным тамған жерге, маңдай терім де тамсын» деген тәмсілді ұстанған азамат Бөген ауылдық ауруханасының бас дәрігері қызметін абыроймен ұзақ жыл атқарды.
   Жалпы, аудан медицинасы төңірегінде ауыз толтырып айтарлық дүние жетіп артылады. Оның бәрін тізбектеп газет бетіне түсірсек оп-оңай бір кітапқа жүк боларлық мақалалар жинақталары анық. Себебі дәрігерлердің шынайы жанашырлықпен халықтың саулығы жолында жасаған толымды тірліктері мен игі істері көзі қарақты ойлы оқырманға тайға таңба басқандай анық. 
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
14 сәуір 2026 ж. 79 0