Арал бекінісін қорғауға атсалысқан
Қатпарлы тарих бетін парақтасақ көп нәрсеге қаныға түсеміз. Әсіресе, өткен күндерді екшеп, зерделеген сайын туған жерімізде өсіп-өніп, қайсар болмысымен басын қатерге тіккен қайталанбас жандардың тағдырын бағамдаймыз. Жай бағамдап қоймай, олардың ғибратты ғұмырына үңілеміз.Иә, өткен ғасырдағы азамат соғысы жылдарындағы ауыр жағдай бүгінгі буынға ертегідей көрінгенімен сол зұлмат заманның шет жағасынан құлағдар көнекөздерге таңсық жағдай емес еді...
Біз сөз еткен Арал бекінісіне қатысушы Ілияс Құлжанов туралы айтсақ 1974 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақстандағы соғыс» атты кітаптың 201-ші бетінде жан-жақты қаузалған. Нақтырақ тоқталсақ, аталмыш туындыда мынадай жолдар бар: «1919 жылдың 21-ші шілдесінде станцияға Ақтөбе майданының штабы келді. Елең-алаң шақ. Жұртшылық үрей құшағында. Жергілікті тұрғындар арасынан жасы он сегізге толған жігіттерден құралған қорғаныс құрылысы жүргізіліп жатты. Сондай-ақ, азамат соғысы кезінде Арал аймағында шеп жасақталды. Ташкент соғыс комиссариатының қаулысына сәйкес Аралдан 35-тен 51-ге дейін адамнан құралған тоғыз отряд жасақталып, барлығы дерлік қарумен қамтылды. Төрағасы Горланов 1919 жылдың 20 ақпанында бекіністі бекемдеуге сақадай сай тұрды. Ақ гвардияшылар Ақтөбе қаласын мен Ембі, Мұғалжар, Шалқар станцияларын басып алып, теңіз төскейіндегі Аралды бетке алған. Шағын қаланың кіреберіс тұсына орлар мен окоптар қазылып, күн-түн демей уақытпен санаспай қарекеттер жасалып жатты. Айдынды өлкенің жұмысшыларымен өзге де қызметкерлер бұл іске біркісідей жұмылып атсалысты. Атты жасақ айналаны көздің қарашығындай күзетіп, Сексеуіл, Көнту станцияларын бақылады.
Ақырында ақ гвардияшыларға тойтарыс беру Сексеуіл кентінде тамамдалды. Мұздай қаруланған жау беті осы жерде қайтты. Қаруланған жұмысшылар мен шаруалар бейбіт елге тұтқиылдан тиген жаудың қарқынын тежеп, үш ай дегенде бетін қайтарды. Ілияс Құлжанов сол бір қиын-қыстау кездерде өзгеше көзге түсіп, Арал бекінісін қорғауға осылайша атсалысты. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» демекші, ұрпағы үшін басын қатерге тіккен Ілиястың ерлігі ұрпаққа үлгі. Бүгінгі таңда өнегелі өмір иесінен тараған перзенттері аталарымен марқаяды. Жастық шағын мылтық ұстап өткізген аталарының Арал қаласын қорғау жолындағы бекініс құрудағы батырлығын үнемі айтып отырады.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ










